Жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосу

ҚР Үкімет Басшысы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты

Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Сочиде ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік Кеңесінің сессиясына қатысты.
Әлемде23 Қыркүйек , 15:00

ҰҚШҰ ҰҚК отырысына қатысу үшін Сочиға Қырғызстан Президенті А.Атамбаев, Ресей Президенті В.Путин, Беларусь Президенті А.Лукашенко, Тәжікстан Президенті Э.Рахмон, Армения Президенті С.Саргсян келді.

Сессияның ашылуында сөйлеген Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев (2013 ж ҰҚШҰ ҰҚК төрағасы) Кеңестің төрағалығын Ресей Президенті Владимир Путинге тапсыратынын хабарлады.

Саммитке қатысушылар Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевтың ҰҚШҰ ҰҚК төрағасы қызметінде жемісті жұмыс атқарғанын атап өтті.

ҚР Премьер-Министрі Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың атынан Қырғызстан Президентіне «ҰҚШҰ ҰҚК төрағасы қызметінде табысты қызмет атқарғаны үшін» алғыс білдіріп және Ресей Президенті В.Путинге «алдағы кезеңде ҰҚШҰ төрағалығында табыстар тіледі».

Делегация басшылары ҰҚШҰ мүше-елдері қауіпсіздігі мәселелерін және ұжымдық қарсы іс-қимыл шараларын қарап, Сириядағы жағдайды талқылады, ҰҚШҰ бас хатшысы Н.Бордюжаның тәжік-ауған шекарасын зерттеу қортындылары туралы хабарламасын тыңдады.

Саммитке қатысушылар тәжік-ауған шекарасын қорғаудың тиімділігін арттыру туралы және Тәжікстанның қарулы күштеріне әскери-техникалық көмек көрсету туралы шешім, сондай-ақ Сирия бойынша Мәлімдеменің мәтінін қабылдады.

ҰҚК отырысы барысында шағын құрамда ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов «Ауғанстандағы артып бара жатқан тұрақсыздық, «Талибан» қозғалысы қызметінің жандануы, бізді 2014 жылдан кейін Орталық Азиядағы мүмкін жағымсыз жағдайлардың өріс алып кетуіне қарсы дайын отыруға қатысты ойлануға итермелейді»,-деді. 

«Тәжік-Ауған шекарасын нығайту барлық ҰҚШҰ үшін өмірлік маңызды мәселе болып табылады. Қазақстан осы мәселе бойынша бүгінгі қабылданған шешімді қолдайды»,-деп атап көрсетті Үкімет басшысы.

Премьер-Министр Сирия айналасында талқыланып отырған жағдай бойынша Қазақстанның ұстанымын хабарлады.

«Біз Сириядағы және оның төңірегіндегі жағдайлар туралы Мәлімдеменің қабылдануын қолдаймыз. Сирия басшылығының химиялық қаруларды халықаралық бақылау құзырына беру туралы шешімі Сириядағы жанжалды реттеудің нақты алғышарты болады. Осы нобайда «Женева-2» конференциясын өткізу зорлық-зомбылықты доғаруға және Сирияның саяси болашағын диалог пен келісім жолдары арқылы анықтауға үлкен мүмкіндік береді»,-деп атап өтті С.Ахметов.

ҰҚК-ның пленарлық отырысы форматында өткізілген мәжілісі барысында ҰҚШҰ қызметінің басымдықты бағыттары, ұжымдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру мәселелері, ҰҚШҰ мүше елдерінің әскери ынтымақтастығының негізгі бағыттарын дамыту мәселелері қаралды. 

ҰҚК сессиясында бірқатар құжаттар, сондай-ақ ұжымдық қауіпсіздік туралы Келісім Ұйымы ұжымдық қауіпсіздік Кеңесі сессиясының мәлімдемесі қабылданды.
ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік Кеңесінің келесі сессиясы 2014 жылдың екінші жартысында Мәскеуде өтеді.

Анықтама
Ұжымдық қауіпсіздік туралы Келісім Ұйымы 1992 жылы 15 мамырда Ташкентте қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы Келісім негізінді құрылды. ҰҚШҰ-ға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Тәжікстан, Армения елдері мүше.

Ұйымның мақсаты бейбітшілікті нығайту, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау, ұжымдық негізде ҰҚШҰ мүше елдерінің тәуелсіздігі, территориялық тұтастық пен егемендігін қорғау болып табылады. 
Ұжымдық қауіпсіздік Кеңесі- ҰҚШҰ-ның жоғарғы органы. Кеңес Ұйым қызметінің принципті мәселелерін қарап, оның мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған шешім шығарады, сондай-ақ бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін ұйымға мүше елдердің бірлескен іс-қимылдарын үйлестіруді қамтамасыз етеді.




Дерекнама

Яндекс.Метрика