Халықаралық интеграция

Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесін гуманизациялау саласындағы Нидерландының тәжірибесін зерттеуде -СІМ

Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Төрағасы Рахмет Мұқашев бастаған қазақстандық делегацияның Нидерланд Корольдігіне сапары өтті.
Әлемде30 Қазан , 09:29

Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, сапар Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының, қылмыстық жүйені реформалау мәселелерін жылжытушы «PRI» халықаралық ұйымының және Гаагадағы Қазақстан Республикасының Елшілігінің ұйымдастыруымен өткізілді. Пробация қызметін қолдану арқылы қылмыстық-атқару жүйесін гуманизациялау саласындағы Нидерландының тәжірибесін тереңірек зерттеу мен бұл салада екі ел арасындағы ықпалдастықты өрбіту сапардың басты мақсаты болды.

«Нидерланд Корольдігінің Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Х.Франкенмен өткен келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту ісінде өзара парламенттік қатынастар маңыздылығының артуы айрықша белгіленді. Х.Франкен Қазақстан Республикасының қол жеткізген жаңа саяси және әлеуметтік-экономикалық жетістіктерімен, «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдылықтарымен таныстыру аясында Астананың болашақ саяси және экономикалық бағытымен хабардар етілді. Өз кезегінде Сенатор Х.Франкен, өзара сенім мен құрметке негізделген Қазақстан мен Нидерланды арасындағы саяси және сауда-экономикалық ықпалдастықты жоғары бағалай отырып, елімізде жүзеге асырылып отырған әлеуметтік-экономикалық саясат пен халықаралық деңгейдегі Астананың бастамаларын қолдайтынын жеткізді», - делінген хабарламада.

Еуропалық пробация ұйымының Бас хатшысы В. Вен дер Брюггемен келіссөздер аясында Нидерландының қылмыстық-атқару жүйесінің реформалануы, атап айтқанда тиісті санатта сотталған адамдарды бостандығынан айырудың орнына пробациялық жүйе арқылы қоғамдық жұмыстарға жолдау бойынша алдыңғы тәжірибесі зерделенді. Қоғамдық жұмыстарды атқару бойынша іс-жүзіндегі тәжірибе Амстердам мен Зволле қалаларындағы пробациялық орталықтарға жасалған сапарлар барысында көрсетілді.

Қазақстандағы құқықтық реформа мен заң ұлықтылығын одан әрі жетілдірудің және аталмыш мақсаттарға қол жеткізуде шетелдік мемлекеттермен тығыз ықпалдастық орнатудың маңыздылығын ескере отырып, сапар аясында бұл бағыттағы іс-әрекеттестікті барынша ұлғайту бойынша нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.




Яндекс.Метрика