Халықаралық интеграция

Астанада Мемлекеттік басқару академиясы мен TIKA арасындағы ынтымақтастық талқыланды

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ректоры Болатбек Әбдірәсілов TIKA ұйымының Кавказ және Орталық Азия елдерінің білім беру жобалары департаменті директоры Әли Өзгүн Өзтүрікпен және Қазақстандағы TIKA өкілдігінің басшысы Мехмет Бодурмен кездесті.
Астана қаласы 29 Қазан, 19:28

Кездесуде білім беру және ғылыми салалардағы екіжақты ынтымақтастық пен Академияның білікті профессорлық-оқытушылық құрамын Түркиядағы алдыңғы қатарлы ғылыми-оқыту институтына біліктілік арттыру мен Сот институты магистранттарын шет елдік тағылымдамаға жіберу мәселелері талқыланды.

«Осы кездесуде қазақстандық тарап TIKA қолдауымен Түркия Республикасындағы жемқорлыққа қарсы күрес саясатын іске асыру тәжірибесін зерттеу бойынша бастамалар көтер3ліп, осы саладағы сарапшылар тәжірибесін алмасуды жолға қою керектігі айтылды. Сонымен қатар Академия басшылығы Түркиядан келген қонақтарды 2012 жылдан бастап TIKA-мен бірлесіп ұйымдастырып жатқан жұмыс нәтижесімен таныстырды», - деп хабарлайды академияның баспасөз қызметі.

Хабарламада айтылғандай, тараптар дамып келе жатқан ынтымақтастыққа жоғары баға берді. Әли Өзгүн Өзтүрік TIKA ұйымының бірлескен жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдауға дайын екендігін білдірді.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, TIKA мемлекеттік қызметкерлерді дайындау жүйесін жетілдіру мен дамыту саласындағы Академияның басты әріптестерінің бірі. TIKA қолдауымен тұрақты түрде Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы мен магистранттары Түркияның алдыңғы қатарлы оқу орындарында біліктіліктерін арттырады. 2012 жылдың желтоқсан айында TIKA қолдауымен Академияда 36 орындық жаңа компьютерлік техникамен қашықтықтан оқытатын кабинет ашылды. Ал 2013 жылдың желтоқсанында заманауи типографиялық құрылғылармен қамтамасыз етілген мемлекеттік тілді оқыту  мен аударма орталығы өз жұмысын бастады.





Яндекс.Метрика