ҚР ИИДМБ

Қазақстанда халық тасымалының қолжетімділігі қамтамасыз етілген - Қабижан

Үлкен географиялық аумағына қарамастан Қазақстан жолаушылар тасымалының қолжетімділігін қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы Strategy2050.kz агенттігіне берген сұхбатында ҚР ИДМ Көлік комитеті Темір жол көлігі басқармасының жетекшісі Нұрбек Қабижан мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан29 Қазан , 10:33

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстандағы темір жол билеттерінің құны ТМД елдерінің ішіндегі ең арзандарының бірі. 
«Тұлпар-Тальго» вагонқұрастыру зауытының пайдалануға берілуімен республикада жүрдек қатынас қарқынды дамуда. 2013 және 2014 жылдары Тальгоның жаңа 5 бағыты ашылды. Атап айтар болсақ 2013 Алматы-Атырау, Астана-Атырау және Алматы-Петропавл бағыттары, 2014 жылы Астана-Шымкент пен Алматы-Ақтөбе бағыттары», - дейді Н.Қабижан. 
Оның айтуынша, 2017 жылдың соңына дейін тағы да он жүрдек бағыты ашылмақ. Нақтырақ айтар болсақ, 2014 жылдың соңына дейін Астана-Защита, Астана-Қызылорда, Алматы-Защита, Алматы-Ташкент, 2015 жылы Алматы-Қостанай, Астана-Сарыағаш, 2016 жылы Алматы-Қостанай, Астана-Сарыағаш, Алматы-Маңғышлақ және 2017 жылы Астана-Маңғышлақ бағыттары ашылады. 
Жаңа жүрдек бағыттарының пайдалануға берілуі жол уақытын 2 есеге дейін азайтатынын айтады басқарма басшысы. 
«Сонымен қатар министрлік тұрақты түрде жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру жұмыстарын атқаруда. Тиісті шаралар жоспары 2012 жылы қабылданған. Жоспар аясында 600 вагон сатып алынып, оның 420-сы қазақстандық өнім екенін естеріңізге саламыз. Бұдан бөлек соңғы екі жылда төрт бағыттың вагондары жаңартылды. 4 поезд «фирмалық» санатына қосылды. Айта кетерлігі, аталмыш поездар мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауға да маманданған», - дейді Н.Қабижан.  
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, әлеуметтік маңызы бар бағыттарда темір жол вагондарының тапшылығымен күресу мақсатында министрлік келер жылы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде вагон сатып алу тетігін құру бөлігіне заңнамалық өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Соның ішінде тасымалдаушылардың шығынын субсидиялау тетігі ұщақмерзімді негізде тасымалдаушылар шығынын жабу тетігімен алмастырылады. Бұл өз кезегінде тасымалдаушылардың алынған қаражатқа жаңа вагондар алып, жолаушылар тасымалын арттыруға мүмкіндік береді. 
ҚР-да темір жол билеттерін сатып алу қолайлылығын тудыру үшін электронды сатып алу жүйесін енгізілуде. 2012-2013 жылдары билет сатып алу бойынша 3 мыңнан астам терминал орнатылды. «Нәтижесінде 2013 жылы электронды әдіспен 2,5 млн билет сатылды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 2 есеге артық. Ал биыл осы әдіс арқылы 1,8 млн билет сатылды», - дейді. 
Басқарма басшысының айтуынша, инфрақұрылымды дамыту аясында қазіргі таңда темір жол вокзалдарын күрделі жөндеу мен оны ұлттық стандарттарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш бағыттағы жұмыстар 2018 жылы аяқталмақ. 

Бауыржан Мұқанов

 




Яндекс.Метрика