Халықаралық интеграция

Н.Назарбаев: Қытайдан Парсы шығанағына дейінгі қашықтық 1200 шақырымға қысқарды

Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының «Экономикалық өсу жолындағы инновациялық серіктестік» тақырыбына арналған 10-шы отырысында Қазақстан инвесторлар тарту үшін барлық жағдайды жасап, тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрылым қалыптастырып жатқанын айтты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Әлемде29 Қазан , 09:32

Қазақстан Президентінің атап өткеніндей, біздің еліміз жаңа индустриялық бағдарлама аясында БАӘ, Иран, Түркия және Малайзиямен белсене жұмыс жүргізуде.

«2,5 миллиард доллар болатын  перспективалы 15 жобамен жұмыс жасалуда және бұл бастамасы ғана», – деді Елбасы.

«10 мың шақырымнан астам автокөлік жолы, 2,5 мың шақырым теміржол салынды және қайта жөнделді. Қытайдан Парсы шығанағына дейінгі қашықтық 1200 шақырымға қысқарды», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан ауыл шаруашылығы мақсатындағы, жалпы ауданы 90 миллион гектарға жуық жерге ие бола отырып, азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық орталығына да айнала алады.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Ислам даму банкімен біздің елдің инвестиция тарту және ислам банкингін дамыту саласындағы ынтымақтастығының жемістілігіне назар аударды. Бүгінде бұл бағыт бойынша отандық экономикаға 700 миллионнан астам доллар инвестиция салынған.

Мемлекет басшысы 2007 жылы біздің еліміз БАӘ-мен бірлесіп, Қазақстанда 500 миллион долларды капитализациялау арқылы «аль-Хиляль» алғашқы ислам банкін ашуға шешім қабылдағанын еске салды. Қазіргі кезде Қазақстан Алматыны ТМД және Шығыс Еуропа елдері үшін исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы ретінде көрсетіп отыр.

 

 




Яндекс.Метрика