Адами капитал

Қазақстанның әскери ұшқыштар қатары толықты (Фото)

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының түлектеріне жоғары білім туралы дипломдар мен кеуде белгілері табысталды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Ақтөбе 27 Қазан, 15:34

Жас авиаторларға, олардың ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бағдарламасы шеңберінде Әскери институтта оқыған Қырғызстан мен Тәжікстанның әскери қызметшілеріне кіші офицерлік құрамның алғашқы «лейтенант» атағы берілді.

««Оқу озаты» кеуде белгісі мен үздік дипломды лейтенант Дмитрий Савчук алды. Оқу озаттары мен жауынгерлік даярлық үздіктері санатында Медет Ахметов, Асқар Азарқанов, Дүйсен Жарасбаев, Виталий Зайцев, Николай Кириллов, Азамат Күздібаев, Мейіржан Мадинов бар. Олардың есімдері Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының Құрмет кітабына енгізілді», - делінген хабарламада.

Бітірушілерге дипломдар мен кеуде белгілерін тапсыру салтанатына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан қорғаныс ведомстволарының, Ақтөбе әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясы аймақтық филиалының, Ұлы Отан соғысы және жергілікті қақтығыстар ардагерлері кеңесінің өкілдері қатысты.

Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институы ұшу және инженерлік-техникалық құрамнан тұратын авиация мамандарын даярлайды.

Қазіргі уақытта осы оқу орнын бітірген 1700-ден астам офицер ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің, ҰҚК Шекара қызметінің авиациялық бөлімдерінде, ІІМ мен ҚР Ұлттық ұланының арнайы бөлімшелерінде қызмет атқарып жүр.

Айта кетейік, 2014 жылдан бастап   Әскери институт курсанттары 4 жыл 10 ай оқитын болады. Бұл ұшу дайындығын жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

 





Яндекс.Метрика