Елбасының Ұлытаудағы ұлағатты әңгімесі

Ұлытау төріндегі сұхбатта айтылған негізгі ойлар жаңашыл жастарды бәсекеге ұмтылдырады-Құлжанов

Елбасымыз – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жезқазған сапары барысында Қазақстан аумағындағы киелі де қасиетті, тарихы терең мекен Ұлытау етегінде берген сұхбатында айтылған негізгі ойлар қазіргі кезде көпшіліктің көкейінде жүрген сан алуан сұрақтарға жауап берген пайымды пікір болды, деп Strategy2050.kz АА берген сұқбатында Атырау мұнай және газ институтының ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, облыстық мәслихат депутаты Дүйсембек Құлжанов мәлімдеді.
Атырау24 Қазан , 17:35

«Жас буынның ел тарихын білуінен бастап, мемлекет экономикасына дейінгі халықты толғандырған өзекті мәселелер турасында Елбасының осы уақытқа дейін айтылып келген тұжырымдары мен шешімдері бір арнаға тоғысып, жинақталды. Бұл – кез келген адамның ойын қозғап, пікірін өзгертетін, жөн сілтеп, бетін түзейтін келелі сөздерден құралған тарихта жазылар, ел жадында сақталар сөз болды десек, артық айтқандық болмас», - деді ол.

Тәуелсіздік алғалы бері талай рет айтылып, талқыға салынған, қызу пікірталастар мен ұсыныстарды бастан кешірген тіл мен дін мәселесіне Елбасы өз сұхбатында жан-жақты тоқталып, осы тұрғыдағы көзқарасын «тайға таңба басқандай» етіп жеткізді. Діни экстремизм мен жалған наным-сенім негізінде туындап жатқан лаңкестік оқиғалары белең алған заманда шынайы дінді жалған діннен айыра білу аса маңызды.

Мемлекеттік тілдің өзекті мәселесі төңірегіндегі пікірталастар да толастар емес. Кеңес үкіметі кезінде шұбарланып, тарихи тілімізден енді айырыламыз-ау деген кезеңде еліміз егемендік алып, ана тіліміз аман қалды. Мемлекеттік тіл дәрежесі беріліп, заңмен бекітілді. Содан бері қарай мемлекеттік тілді дамыту мақсатында талай іргелі істер жасалынып, түрлі жобалар жүзеге асты. Мемлекет басшысы да өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауында мемлекеттік тіл мәселесін қозғап, осы орайда түрлі тапсырмалар беріп жатады. Ұлытау төріндегі сұхбатында да Елбасы осы түйткілді мәселеден айналып өте алмады.

«Біз көпұлтты мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да Елбасы қолдаған толеранттылық, басқаша айтсақ, өзіңдікін бағалай отырып, өзгелерге құрметпен қарау – мемлекет тұтастығының, халық бірлігінің негізі. Халқы тату елдің тамыры терең болады, тарауы кең болады. Шекарасы берік, экономикасы мығым болады. Ал экономикасы дамыған елдің халқы салауатты, тұрмысы салтанатты болады», - деді ол.

Оның айтуынша, Тәуелсіздік алып, нарық талаптарын қабылдағаннан бері қарай Қазақстан экономикасын жаңа жолға қойып, жүйелі дамыту бағытына көшті. «Экономика өсіп-өнбесе, басқа шаруаның бәрі шешілмейді. Тіл де, дін де жайына қалады. Қазақтың да жағдайы жақсармайды» дейді өз сұхбатында Елбасы. Ал қазіргі жаһандану жағдайында, көптеген елдерде дағдарыс мәселесі толықтай шешілмеген кезеңде ел экономикасын үдемелі түрде алға дамыту мақсатында Қазақстан инновациялық даму жолын таңдады. Инновациялық экономика – мемлекет дамуындағы ең басты бағыттардың және міндетті шарттардың бірі.

«Өндірістен бастап, білім беру жүйесіне дейінгі барлық салаға жаңа идеялар мен тың бастамалар енгізіп, үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын қабылдау, тағы басқа шаралар ел экономикасын бәсекеге қабілетті деңгейге жеткізу мақсатында жүргізіліп отыр. Бәсекеге қабілетті озат 30 елдің қатарына енеміз деп алдымызға ірі мақсат қойып отырған кезеңде ел экономикасын осы талапқа сай бағытта дамыту қазіргі қоғамда, әсіресе жас буын арасында үлкен қолдау табуда. Себебі жастар әрдайым жаңалыққа, ерекше идеялар мен жаңа технологияларға жақын болып келеді. Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі жастардың бәсекеге қабілеттілігімен анықталады. Сондықтан да білім жүйесіне инновациялық технологиялар мен жаңа бағдарламалар енгізіліп, модернизациялау жүріп жатыр», - деді ол.  

 «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі, бірінші кезекте, оның білімділік деңгейімен анықталады» дейді Елбасымыз. Білімді жастар – бәсекеге қабілетті жастар. Бәсекеге қабілетті жастар – Қазақстанның әлемдік аренада өз орнын иеленіп, экономикасы дамыған елдер қатарына енуін жүзеге асыратын жасампаз тұлғалар. Ал осындай азаматтары бар қоғамның іргесі ешқашан сөгілмейді, бақ-берекесі кемімейді.

«Қорыта айтар болсақ, Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың Ұлытау төрінде берген сұхбаты Қазақстанның әрбір тұрғынына ой салатын, алға қарай дамып, озуына түрткі болатын толғақты ой, толымды тұжырымға толы тарихи сөз болды. Оны оқыған адам санасын мазалаған сансыз сұрақтарына тұщымды жауап алады деп сенемін», - деді Құлжанов.

 

 




Яндекс.Метрика