Білім беру

Еліміздің білім беру жүйесін жаңғыртуда фин тәжірибесінің берері мол – Қ.Шәмшидинова

Финляндия 40 жылдан бері елдегі білім деңгейін бағалауда тестілеу әдісінен барынша алшақтаған. Осы орайда Қазақстанның білім беру деңгейін жаңғыртуда да осы ел тәжірибесінің берері мол, деп мәлімдеді Астанада өтіп жатқан «Білім беру саясаты, тәжірибе мен зерттеу» VI Халықаралық конференциясында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АББҰ басқарма төрайымы Қ. Шәмшидинова.
Нұр-Сұлтан24 Қазан , 17:51

«Оқушылардың білім деңгейін бағалауда тестілеудің алар өзіндік орны бар. Дегенмен бұдан да бөлек жетілген заманауи әдістерден де қапы қалмауымыз керек. Финляндия елі 40 жылдан бері тестілеу жүйесін  барынша сирек қолдануда. Фин жүйесінің басты ерекшелігі оқушыларды тесттен жоғары балл алуға ынталандырумен шектелмей, оларды сыни ойлау мен шығармашалыққа баулу», - деді ол.

Оның айтуынша, фин елінің білім беру тәжірибесінің негізінде бәсекелестік емес, әріптестік жатыр. Оқушылар жарыса емес, ұжыммен бірлесе дамуы қажет.

Естеріңізге сала кетейік, Астанадағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде алтыншы «Білім беру саясаты, тәжірибе мен зерттеу» халықаралық конференциясы ұйымдастырылды.

Шарада орта білім мазмұнын жаңғырту, білім беру тәжірибесінде үш тілділікті енгізу, мұғалімдердің ынтымақтаса жұмыс істеуі,  21 ғасыр мектептерінің жаңашыл жақтары, оқу материалдарын әзірлеу тәсілдері секілді мәселелер талқылануда.

Халықаралық шараға Франция, Армения, АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды, Жапония және Ресейдің 500-ден астам өкілі қатысуда.

Бауыржан Мұқанов 




Яндекс.Метрика