Парламент

Астанадағы амбулаториялық-емханалық көмекке жарты миллиард теңгеге жуық қаражат керек

Астанадағы амбулаториялық-емханалық көмекке жарты миллиард теңгеге жуық қаражат керек. Бұл туралы бүгін Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсайын Нағаспаев мемлекеттің жаңа бюджеттік саясаты мәселесі бойынша ҚР Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің отырысында мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан24 Қазан , 12:31

«Астанаға ағылып жатқан ішкі миграцияның деңгейі жоғары. Жыл сайын ресми мәлімет бойынша елордаға 50-60 мың адам келеді. Осыған орай амбулаториялық-емханалық көмекті қаржыландыру тапшылығы мәселесі күн тәртібіне шығып отыр. 2014 жылдан бастап республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады деп шешілген қосымша шығындар мәселесімен бетпе-бет келіп отырмыз», - дейді Е.Нағаспаев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Астанадағы амбулаториялық-емханалық көмекке жарты миллиард теңгеге жуық қаражат керек.

Әкім орынбасарының сөзіне сүйенсек, бекітілген бюджеттің бүгінгі көлемі 396 млрд теңгені құрайды. 2014 жылғы бекітілген бюджетпен салыстырғанда өсім 59 млрд теңгені құрады. Пайыздық көрсеткішпен бұл шамамен 18-ді құрайды. Трансферт көлемі 229 млрд теңгеге жетті, ондағы өсім 29,5 млрд теңге шамасында.

«Тоғыз айдың қорытындысы бойынша бөлінген қаражаттың 95 пайызы игерілді. Келер жылы осы көрсеткішті 99,7 пайызға жеткізу жоспарлануда. Екінші бюджеттік саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында шешім қабылдаудағы жеделдік пайда болып, оны өз бетімен қабылдау мүмкіндігі де ұсынылып отыр», - дейді.

Сонымен қатар, ол жыл сайын парктер мен гүлзарлардың 145 мың шаршы метрге дейін ұлғайып келе жатқанын тілге тиек етті. Ал оған кететін бюджеттік қаражат шығыны 5 млрд теңгеге артты.

Камила Амирова




Яндекс.Метрика