Білім беру

Жыл сайын елімізде 200-ге жуық мектеп салынады – А.Сәрінжіпов

Жыл сайын елімізде республикалық және жергілікті бюджет есебінен 200 шақты жаңа мектеп бой көтереді. Бұл туралы бүгін ҚР білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Астанадағы физика-математика бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінде» өтіп жатқан «Білім беру саясаты, тәжірибе мен зерттеу» VI Халықаралық конференциясында мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан23 Қазан , 18:06

«Соңғы жылдары еліміздегі демографиялық ахуалдың тұрақты өсімі байқалады. Тәуелсіздік жылдары республикада көптеген білім ошақтары бой көтерді. Соңғы кездері елімізде жыл сайын республикалық және жергілікті бюджет есебінен 200 шақты жаңа мектеп бой көтереді. Осы орайда салынып жатқан мектептердің санын арттырумен қатар, сапасына да үлкен мән берілуде. Ондағы оқытушылардың біліктілік деңгейлерін арттырумен қатар материалдық техникалық базаны жетілдіру жұмыстары да Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылуда», - деді Бас ұстаз.

Оның айтуынша, қазіргі таңда ешбір елдің білім беру жүйесі шет елдермен тәжірибе алмасуынсыз, жеке-дара дамымайды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері біздің жас мемлекеттің білім беру саласындағы ең ірі жобаларының бірі. Аталмыш мектептерге шет елдің үздік мамандары мен жоғары технологиялар көптеп тартылуда. Атап айтар болсақ, ұйымда Еуропа, Азия мен Америка елдерінің білікті мамандары қызмет етуде. Бұл мектептер тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар әлемдік білім беру мен ғылым саласының дамуына үлес қосатын жоба болып табылады», - дейді ол.

Сонымен қатар, Бас ұстаз Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енуде орта білім беру саласын дамытудың өзіндік орны бар екенін де еске салды. Оның айтуынша, елімізде 2020 жылға дейінгі білім беру саласын жаңғырту бағдарламасы аясында бірқатар жобалар қолға алынуда.

«Заман талабына сай елдің экономикалық, һәм әлеуметтік әлеуетінің артуында өскелең ұрпақтың заманауи білім игеріп шығуы маңызды. Осы орайда қазіргі ұрпақты құрғақ ақпаратты меңгеруден бөлек сыни-сараптамалық ойлау мен ақпараттыық технологиялардың көмегімен сапалы ақпаратқа қол жеткізуін қадағалау керек. Ал осы алған білімін кейін маман болып шыққан кезде пайдалануы күн тәртібіндегі бөлек мәселе», - дейді министр.  

Бауыржан Мұқанов




Яндекс.Метрика