Экономикалық және сауда дипломатиясын дамыту

Қазақстан мен Францияның Үкімет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін талқылады

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Францияға жасаған жұмыс сапары шеңберінде осы елдің Премьер-Министрі Жан-Марк Эйромен келіссөз жүргізді.
Әлемде21 Қыркүйек , 09:50

Үкімет басшылары екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарын кеңейтудің көкейкесті мәселелерін талқылады. 

«Франция - Қазақстанның Еуропадағы негізгі әріптесі болып табылады»,-деген С.Ахметов Астананың Парижбен диалогқа мүдделі екенін айтты.

«Баламалы энергетика, машина жасау, металлургия, электроника, химия өнеркәсібі, технологиялар трансферті салаларында бірқатар бірлескен жобалар белгіленді. Бірлескен жұмыстарды жалғастыру, сондай-ақ барлық деңгейдегі байланыстарды нығайту біз үшін аса маңызды»,- деді С.Ахметов.

Үкімет басшысы өзінің әріптесін «Болашақтың энергиясы» деген атпен Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысымен таныстырып, француз жағын халықаралық шараға белсене қатысуға шақырды.

Тараптар мұнай-газ, машина жасау, атом энергетикасы салаларында ынтымақтастықты тереңдету туралы ойларын айтты.

Өз кезегінде, Жан-Марк Эйро екіжақты өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалап, ынтымақтастықтың одан әрі жемісті болатынына сенім білдірді.

АНЫҚТАМА
2012 жылдың қортындысы бойынша өзара тауар айналымы 6,2 млрд. АҚШ долларын құрады. (экспорт-5,63 млрд, импорт-584 млн), Ол 2013 жылдың бірінші жартысында 3 миллиардтан астам АҚШ доллары болды. 
Экспорттың негізгі түрлері мұнай, металдар, химиялық өнімдер болып табылады. Ал, Қазақстан Франциядан өндірістік құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер, косметика, автокөліктер және тағы басқаларды алады..
1994 жылдан бері жалпы Франциядан ҚР экономикасына құйылған тікелей инвестиция 10 млрд. АҚШ долларын құрады.




Яндекс.Метрика