Халықаралық интеграция

2015 жылы Қазақстан мен Ресейдің XII Өңіраралық ынтымақтастық форумы Уфада өтеді

Мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін 2015 жылғы Қазақстан мен Ресейдің XII Өңіраралық ынтымақтастық форумы Башқұртстан Республикасының Уфа қаласында өтеді, деп мәлімдеді ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің XI Өңіраралық ынтымақтастық форумында.
Атырау30 Қыркүйек , 18:27

«Біздің елдердің экономикасы, сөзсіз, бірін-бірі толықтырып тұрады. Башқұртстан өңіраралық кластерлерді құруға қатысуға дайын. Осы орайда Қазақстан мен Башқұртстанның байланысын дамыту үшін 2015 жылғы Қазақстан мен Ресейдің XII Өңіраралық ынтымақтастық форумын Башқұртстан Республикасының Уфа қаласында өткізуді ұсынамын», - деп мәлімдеді Башқұртстан Республикасының Президенті Рүстем Хамитов.

«Рүстем Закиұлының келер жылғы форумды Уфада өткізу ұсынысын қуана қабылдаймыз», - деді ҚР Президенті Н.Назарбаев.  

Сонымен қатар, Н.Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей мұнай-газ саласының инновациясында үлкен әлеуетке ие.

«Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптес екендігі белгілі, алдағы уақытта да осы бетімізден қайтпайтынымызға сенім білдіремін. Қос ел халықтарының бірлесе дамуы мен гүлденуі жолында достық пен ынтымақтық байланыстан айнымақ емес. Қазір біз мұнай-газ саласындағы инновация жайын талқыладық. Біз жүз жылдай, Ресей одан да ұзақ уақыт бойы осы саламен айналысып келеді. Осы саланың инновациясында қос елдің де мүмкіндігі мол. Қазақстан мен Ресейдегі көмір шикізатының қоры жүздеген жылға жетеді, бұл технологияны да қолға алу керек. Мен алдағы уақытта олардың орнын жел және күн көзінен алынатын қуаттың алатынына сенбеймін. Мұнай мен газ біздің негізгі байлығымыз, шикізат деген атауынан қорықпай, бұл шикізат қорларының бізде бар екендігіне қуануымыз керек. Оларды экспорттай отырып, ақша табамыз. Ең бастысы бұл қаржыны жаңа заманауи индустрия құруға жұмсауымыз керек және ол үшін біздің мүмкіншіліктеріміздің бар екендігіне сенімдімін», - деді Елбасы.

Индира Қауметова




Яндекс.Метрика