Халықаралық интеграция

Атырау облысы мен Ресей арасындағы сыртқы сауда айналымы 2014 жылы 18%-ға артты – әкім

Қолға алынған интеграциялық шаралардың нәтижесінде Атырау облысының Ресей Федерациясымен сыртқы сауда айналымы биыл 18%-ға артты, деп мәлімдеді бүгін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен Қазақстан мен Ресейдің XI өңіраралық ынтымақтастық форумында.
Атырау30 Қыркүйек , 18:17

Атыраудағы форум «Көмірсутегі саласындағы инновация» тақырыбы бойынша өтіп жатыр.

«Мұнай-газ секторының дамуы ел экономикасының маңызды стратегиялық бағыттарының бірі және өңірдің экономикалық дамуының негізі болып табылады. Бүгінде Атырау облысы Қазақстанның ең дамыған индустриялды өңірлерінің бірі. Облыста 600 шақты ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейді. Олардың республика бойынша өнеркәсіптік өндірістегі үлес салмағы 25%-ды құрайды», - дейді әкім.

Әкімнің айтуынша, Атырау облысы түрлі салаларда алыс және жақын 50-ден астам шет мемлекетпен ынтымақтастық құрған. Солардың бірі Ресей Федерациясы. «Кедендік одақтың құрылуымен жалғасын тапқан интеграциялық белсенділіктің артып келе жатқанын облыстағы ресейлік капиталдың қатысуымен жұмыс істеп жатқан 170 шақты кәсіпорынның жемісті еңбегінен көруге болады. Өткен жылғымен салыстырғанда сыртқы сауда айналымы 18 пайызға артты», - дейді.

Айта кету керек, бүгін Мемлекет басшысы Атырау облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңірдегі бірқатар нысандардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен РФ Президенті Владимир Путин екіжақты кездесулер өткізді.

Камила Амирова




Яндекс.Метрика