Евразиялық одақ

Н.Назарбаев пен В.Путин ЕАЭО мен КО аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин сауда-экономика, инвестиция және отын-энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Атырау30 Қыркүйек , 18:02

Қазақстан мен Ресей көшбасшылары халықаралық және өңірлік құрылымдар аясындағы, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ және Кеден одағы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне айрықша назар аударды.

Қазақстан Президенті екі елдің алдағы ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыту жолындағы кезекті қадам болатындығына сенім білдірді.

«Бүгін біз өңіраралық форум өткіземіз, оның аясында түрлі салалардағы келісімдерге қол қойылатын болады. Қазір елдеріміздің арасындағы өзара тауар айналымы аздап төмендеп отыр, бірақ мұны мен уақытша құбылыс деп ойлаймын. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ толық қуатында жұмыс істейтініне сенімдімін, ол бәрімізге ортақ пайда әкеледі», - деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Владимир Путин Форумға қатысуға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын айтты.

Кездесу алдында мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресейдің 60-қа жуық компаниясы қатысқан «Көмірсутегі саласындағы инновациялар» көрмесін аралап көрді. 




Яндекс.Метрика