Өңірлер

Павлодарда жас депутаттар мен студенттер балалар алаңын абаттандырды (ФОТО)

Павлодарлық жастар қалалық мәслихаттың жас депутаттарымен бірлесіп «Біздің аула» акциясын өткізді. Шара қорытындысында балалар алаңы абаттандырылды, деп хабарлады Қазақстанның жас депутаттар қауымдастығы.
Павлодар 30 Қыркүйек, 19:25

Жүзге жуық адам қолдарына тырнауыш, сыпырғыштарын ұстап, Всеволод Иванов көшесіндегі аулада жиналды. Акцияны бастағандар қалалық мәслихаттың депутаты Илья Теренченко мен Рахат Каппасов. Олардың қатарына Астанадан келген Қазақстанның жас депутаттар қауымдастығының өкілдері қосылды.

«Біз осы үйдің тұрғындарын ізгі іске атсалысуға шақырдық. Олардың азаматтық ұстанымдарын өзгелерге үлгі етуді мақсат еттік. Мысалға, Көкшетау қалалық мәслихат депутаты Олег Толкайловтың тәжірибесін алып қарастыруға болады. Ол бір кездері «Біздің аула» акциясын көтерген еді», - дейді Илья Теренченко.

Айтпақшы, акцияның шығынын ұйымдастырушылар өз қалталарынан шығарды. Ал облыстық және қалалық билік техникамен қамтамасыз етті. Нәтижесінде, аулалар ретке келтіріліп, ойын алаңдары салынды, орындықтар орнатылып, көшеттер отырғызылды.

«Шараға атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтамын. Әсіресе, жасыл елдіктердің еңбегі ерен. Барлығымыз енді бір ауыздан осында спорт алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл аудан Павлодардың шет жағы. Оған жергілікті биліктің қолы әлі жетпей отыр. Біз осылайша өзіміз де атсалысып, мемлекет жұмыстарына көмек беруіміз керек. Бұл біздің патриоттығымыздың өлшемі», - дейді И.Теренченко.

Айта кету керек, аталмыш бастама Орал, Өскемен қалаларында қолдау тауып отыр. Мұнда осы сынды шаралар бұрын қолға алынған. Қазақстанның жас депутаттар қауымдастығы жоспарында бірлесе отырып «Біздің аула» акциясын өткізу күн тәртібіне қойылған.





Яндекс.Метрика