Халықаралық интеграция

Астанада Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды

Бүгін Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Чехия Республикасы депутаттар Палатасының вице-спикері Войтех Филип бастаған парламенттік делегация мүшелерімен кездесіп, екіжақты қатынасты, соның ішінде, парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Астана қаласы30 Қыркүйек , 15:41

Қабиболла Жақыпов Чехияның Орталық Еуропадағы және жалпы Еуропалық Одақтағы біздің еліміздің маңызды сауда-экономикалық және саяси әріптесі екенін алға тартты.

Мәжіліс Төрағасы Чехия Республикасының Президенті Милош Земанның қараша айында Қазақстанға алғаш рет іс-сапармен келу жоспарын тілге тиек ете келіп, оның екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ықпал ететінін атап өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен біздің еліміз аймақтық және ғаламдық деңгейде қауіпсіздік пен бейбітшілікті дамыту жолында белсенді қызмет атқарып келе жатқанын сөз еткен Қабиболла Жақыпов Чехияның Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздігі Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидаттығын қолдайтынына сенім білдірді. 

Одан әрі Мәжіліс Спикері «Қазақстан-2050» Стратегиясын заңнамалық қамтамасыз ету жолында депутаттық корпустың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.

Кездесу соңында Қабиболла Жақыпов Қазақстанға ресми іс-сапар жасау үшін Чехия Парламенті депутаттар Палатасының төрағасына шақыру қағазын жолдады. 

 




Яндекс.Метрика