EXPO-2017

ЭКСПО көрмесін өткізуге байланысты елордалық полицейлер штаты 1200-ге артады

Көрме кезінде қоғамдық тәртіпті бақылайтын жеке құрамның қатысуына байланысты Астана ІІД штаттық санын арттыру туралы ұсыныс түсті. Республикалық бюджеттік комиссия елордалық ІІД штаттық санын 1187 адамға арттыру туралы ұсынысты қолдады. Бұл туралы бүгін Экология және жер қойнауын пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.
Астана қаласы30 Қыркүйек , 12:29

«Біз ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу қауіпсіздігі тұжырымдамасын дайындадық, республикалық штаб құрылып, оған барлық қарулы күштер өкілдері енгізілді. Көрменің өткізілуін толықтай бақылауда ұстайтын боламыз. Сонымен қатар, көрме кезінде қоғамдық тәртіпті бақылайтын жеке құрамның қатысуына байланысты Астана ІІД штаттық санын арттыру туралы ұсыныс тастап отырмыз. Республикалық бюджеттік комиссия елордалық ІІД штаттық санын 1187 адамға арттыру туралы ұсынысты қолдады. Соның ішінде биыл 229, келер жылы 200 штат қосылса, қалғандары 2016 жылы қосылмақ», - дейді Е.Тұрғымбаев.

Сонымен қатар, Е.Тұрғымбаевтың айтуынша, жеке құрамға ағылшын тілін үйрету мәселесі де қаралуда.

«Оған қоса, патрульді полицияға да назар аударылмақ. Олар ЭКСПО орындарында да қызмет етпек. Олар көрмеге дейін ағылшын тілін меңгеріп шығулары керек. Сондай-ақ, туристердің жүретін және қонатын жерлерінде, әуежайлар мен вокзал маңында да кезекшілік күшейтіледі», - дейді ол.

Тұрғымбаевтың айтуынша, көрме қарсаңында Астанаға келетін туристерге виза тәртібі жеңілдетілмек.

«Бұдан бөлек келетін барлық туристерге виза тәртібі жеңілдетілмек. Бүгінгі таңда сырқты істер министрлігімен қандай жағдайда аталмыш тәртіпті жеңілдету керек, қандай жағдайда күшейту керектігі қарастырылып жатыр. Бұл кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыс. 2016 жылы виза жұмыстарына нүкте қойылмақ», - дейді министр орынбасары.

Айта кету керек, Астанадағы ЭКСПО көрмесі инновация мен әлемдік энергетика саласының дамуын жеделдетіп, Қазақстанның «жасыл экономмикаға» өтуіне жол ашпақ.

Сонымен қатар, аталмыш көрме Қазақстанның экономикалық бастамаларына шешім тауып, әлемдік энергетика ресурсының мәселелеріне жауап ретінде кешенді инновациялық шешімдер енгізуге жол ашуы тиіс.

Индира Қауметова




Яндекс.Метрика