EXPO-2017

Т.Ермегияев: «ЭКСПО-2017» инвестициялық жоспары желісі бойынша 77 млрд теңгенің келісіміне қол қойылды

Инвестициялық желі бойынша «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында 77 млрд теңге көлемінде инвестициялық жобаларға қол қойылды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану жөніндегі комитет отырысында «Астана ЭКСПО-2017» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев мәлімдеді.
Астана қаласы30 Қыркүйек , 11:19

«ЭКСПО көрмесінің құрылысы кестеге сай жүріп жатыр. Инвестиция тарту жөнінде біраз әңгімелер болды. Бүгінде инвестициялық жобалар бойынша 77 млрд теңгенің келісіміне қол қойылды. Нақты қанша инвестиция тартылады деген сауалға барлық инвестициялық жобаларға қол қойылғаннан кейін жауап береміз. Негізі, инвестиция тарту ісі көрме аумағынан тыс жердегі тұрғын аймақтарға қатысты. Яғни, бұл 25 гектар көлеміндегі жер. Ал қазіргі таңда нақты айтарым, 174 гектар жер толық игеріледі»,- деді «Астана ЭКСПО-2017» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев.

Оның айтуынша, басты назардағы мәселелердің бірі шараның аяқталғанынан кейін қалған нысандарды орынды пайдалану болып табылады. Осы мақсатта Шанхай мен Ганновер тәжірибесі зерттелді. Зерттеу нәтижесінде аталмыш нысандардың негізінен туристік орталық, мәдени орын, ғылыми-зерттеу орталықтары, кеңсе мен іскерлік мекемелер, жоғары сапалы тұрғын үйлер, ойын-сауық орындары ретінде пайдаланылғаны анықталды. Дегенмен, көпшілігі кейін игерілмей қалған. Көпшілік павильондар көрмеден кейін жойылып тасталған.

«Сол себепті осы елдердің тәжірибесін ескере отырып жобаларды жемісті іске асыру үшін нақты бағдарламалық стратегия қабылдау қажеттілігі бар. Біз аталмыш орынды қаланың ғылыми, технологиялық, мәдени нысандардың үйлесімділікпен шоғырланған орталығы етуді мақсат етудеміз», - дейді Т.Ермегияев.

Сонымен қатар, оның айтуынша, осы орайда жобалау кезеңінде павильондардың қабаттарын қосып, монтаждауға мүмкіндік беретіндей етіп салу қарастырылған.

Айта кету керек, Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі ел экономикасының төрт жылдық жұмысының шарықтау шегі болмақ. Ол өз кезегінде, елдің атын да шығаруда маңызды рөл ойнайды.

Индира Қауметова




Яндекс.Метрика