Халықаралық интеграция

Н. Назарбаев: Келіссөздер нәтижесінде Каспий жағалауы елдері іс-қимылының негізгі аспектілері бойынша ұстанымдарын жақындаттық

Елбасы Астраханда Каспий маңы мемлекеттері басшыларының төртінші саммитінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатына қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Әлемде30 Қыркүйек , 09:01

«Келіссөздер нәтижесінде Каспий жағалауы елдері іс-қимылының негізгі аспектілері бойынша ұстанымдарын жақындаттық, бірқатар маңызды өңірлік мәселелерді талқыладық. Астрахань саммитінің қорытындысы басты құжат – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияны қабылдау мақсатындағы ілгерілеуге мүлде жаңа серпін беретіндігіне сенімдімін», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ саммит барысында ұсынылған бірқатар бастамалар туралы да айтты. Олардың ішінде Түрікменстанның тұрақты жұмыс істейтін Каспий экономикалық форумын құру туралы және Қазақстанның Каспий еркін сауда аймағын құру туралы ұсыныстары бар.  

«Сірә, біз енді өзіміз қабылдаған шешімдердің орындалуын бақылайтын және өңірдегі ынтымақтастықты ілгерілетумен айналысатын бір ұйым құруға аяқ басатын шығармыз. Жалпы алғанда, біз елдеріміздің барлығы үшін өте маңызды, нәтижелері айқын келіссөздер өткіздік деп санаймын. Астраханьдағы кездесу Каспийдің татулық пен достық теңізі екендігіне деген біздің сенімімізді нығайтты», - деді Қазақстан Президенті.

Төртінші саммиттің барысында мемлекет басшылары Коммюнике қабылдады. Сондай-ақ олардың қатысуымен мынадай құжаттарға қол қойылды:

- Каспий теңізіндегі гидрометеорология саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

- Каспий теңізіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

- Каспий теңізінің су және биологиялық ресурстарын сақтау мен ұсынақты пайдалану туралы келісім.

Сонымен қатар, Әзербайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Түрікменстан Республикасы президенттерінің Мәлімдемесіне қол қойылды.  

 




Яндекс.Метрика