Халықаралық интеграция

Каспий теңізі мен биоресурстарды басқару мәселелері Мемлекет басшыларының Саммитінде талқыланды

Астраханда Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран, Түрікменстан Мемлекет басшыларының төртінші Саммитінде Каспий теңізін басқару, су айдынының заманауи құқықтық режимінің қалыптасуы, табиғи ортаның және биологиялық ресурстардың сақталуы талқыланды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Әлемде29 Қыркүйек , 18:56

Саммит барысында  Каспий теңізін бірлесіп басқару, су айдынында заманауи құқықтық режім қалыптастыру, оның бірегей табиғи ортасы мен биологиялық ресурстарын сақтау мәселелері талқыланды. 

Мемлекет басшылары алдыңғы саммиттердің шешімдерінің орындалу қорытындысын шығарып, «Каспий бестігі» аясындағы дамудың келесі кездесуге дейінгі кезеңге арналған негізгі басымдықтарын белгіледі.

 Қазақстан Президенті өз сөзінде тараптардың келіссөздер үдерісінде 2010 жылғы Баку кездесуінен бері айтарлықтай ілгерілегеніне тоқталды.

«Осынша күрделі тақырыпты талқылау достық, өзара түсіністік пен серіктестік ауанда өтіп жатыр. Осыдан төрт жыл бұрын біз Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға осылай шыққан едік. Бұл біздің елдеріміздің Каспий теңізіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудағы кең ауқымды мәселелер бойынша өзара іс-қимылын кеңейтуге берік негіз қалады», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев гидрометеорология, биоресурстарды қорғау және төтенше жағдайларға әрекет ету саласында келісімге қол қою жоспарланғанын айтты.

«Біз сондай-ақ саяси мәлімдеме қабылдаймыз, ол таяу болашақтағы келіссөздер үшін жолбасшы болуы тиіс. Бұл мәлімдемеде біз маңызды қағидаттарды бекітеміз. Ол біздің жұмысымыздың басты мақсатына жетуге – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюға бағытталған. Таяу уақыттарда осы құжатты қабылдайтынымызға және Каспий өңіріндегі ынтымақтастықты тереңдету үшін берік құқықтық іргетас қалайтынымызға үміттенемін», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ «Каспий бестігінің» жалпы ауаны сындарлылығымен әрі мәмілеге келуге дайындығымен сипатталатынына назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев тараптар Каспий теңізінің әділ құқықтық режимін орнатуға таяу екенін атап өтті.

Осыған орай Мемлекет басшысы Каспий маңы елдерімен серіктестікке байланысты мүмкіндіктер жөніндегі өз ойларын ортаға салды. Бұл реттегі ынтымақтастықтың ауқымды бөлігін сауда-экономикалық байланыстар құрауы тиіс.

«Біз Каспий өңіріндегі елдердің іскер топтарының Саммит қарсаңындағы форумын қоштаймыз. Мұндай алаң бизнес өкілдері арасында өзара тиімді экономикалық байланыстар орнатудың бір формасы болып саналады» - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы елдердің экономикаларын әлемдік нарықтың қазіргі жағдайын ескере отырып жақындастыру жолдарын қарастыру мүмкіндігіне назар аударды.

«Экономикалық өзара іс-қимылдарға Каспийдің құқықтық мәртебесін реттегенге дейін де негіз қалауға болады. «Каспий еркін сауда аймағын» құру туралы ұсынысты қарастыруды ұсынамын. Бұл біздің елдеріміздің үкіметтері деңгейінде нақты талқыланатын мәселелердің алғашқысы бола алады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 Қазақстан Президенті Каспий теңізінен өзге теңіздерге, Әлемдік мұхитқа және кері қарай жалпыға мойындалған нормалар мен халықаралық қағидаттар негізінде еркін шығу туралы қағидаттарды келісімдеу Саммиттің  маңызды жетістігі болғандығына тоқталды.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда транзиттік бағыттардың «Солтүстік-Оңтүстік», ТРАСЕКА, «Ляньюнгань порты –Қорғас –Ақтау порты» секілді дамыған желісі бар. «Батыс Қытай – батыс Еуропа» автокөлік дәлізінің құрылысы аяқталуға таяды. Биыл Қазақстан, Түрікменстан және Иран арадағы теміржолды түпкілікті түйістіруге ниетті. Біз Қазақстанның аумағын ірі еуразиялық іскерлік және транзиттік хабқа айналдыру үшін қажетті барлық жағдайды жасаудамыз», - деді Мемлекет басшысы.

 Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан арқылы ашылған маршруттарды назарға ала отырып, біздің еліміз оларды Каспий маңы мемлекеттерінің тауарларын басқа елдердің нарығына, бірінші кезекте Қытайға жеткізу үшін транзиттік көпір ретінде пайдалануды ұсынатынын айтты.

«Осы мақсатта біздің елдеріміздің үкіметтері үкіметаралық келісімдер бекіту мүмкіндігін қарастыра алады. Біздің көзқарасымыз бойынша, бұл барлық тараптар үшін де өзара тиімді»,- деп атап көрсетті Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Каспийдің өндірістік жағынан игерілуі экологиялық теңдікті сақтау мәселесін жандандыра түсетінін де мәлімдеді.

«Біздің міндетіміздің маңыздылығы теңізді бөлуде ғана емес, оның бірегей экологиялық жүйесін де сақтауда жатыр. Бұл біздің болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Бүгінгі таңда экологиялық қауіпсіздікті сақтау саласы бойынша келісім-шарттық әрі құқықтық база жасақталды. Каспий теңізінің қоршаған ортасын сақтау жөнінде Негіздемелік конвенцияның бірқатар хаттамаларына қол қойылды. Бұл процесті дамыту үшін бекіре тұқымдас балықтарды аулауға салынған тиымның сақталуын бақылау тетігін әзірлеу қажет. Осы орайда біз «Каспий бестігі» әзірлейтін браконьерлікке тосқауыл қою жөніндегі бірлескен шешімге баса маңыз береміз», -деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті сондай-ақ Каспий маңы елдерінің туристік инфрақұрылымдары каспийлік туризмді ұйымдастыруға жақсы мүмкіндіктер ашатынын, сондықтан үкіметтерге ынтымақтастықтың осы бағытын жете зерделеу керектігін айтты.

«Астрахань кездесуінің қорытындысы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға лайықты үлес қосатынына сенімдімін. Бұл үшін барлық алғышарттар мен ерік-жігер жеткілікті. Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана халықтарымыз бен елдеріміздің игілігі үшін қажетті нәтижелерге жете аламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті келесі бесінші Саммитті 2016 жылы біздің еліміздің бір қаласында өткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

 




Яндекс.Метрика