Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚР білім және ғылым министрі: Ұстаздың мәртебесі тек қана жалақының өсуімен өлшенбейді

Казахстан20 Тамыз , 00:00

– Бақытжан Тұрсынұлы, әңгімемізді білім саласындағы тіл мәселесінен бас­та­сақ. Өйткені тіл аясын кеңейту тікелей білім саласына байланысты. Осы орайда Елбасының Жарлығымен бекітілген Тілдерді дамыту мен қолда­нудың мемлекеттік бағдарламасында мектептегі білімге мейлінше мән бері­ліп, 2020 жылы оны бітірген түлектердің 100 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиістігі көзделген. Мұндай міндет үде­сінен шығу үшін министрлік қандай ша­ралар атқарып жатыр? 

– Расында да, мемлекеттік тілді дамы­туға қазақ тілінде білім беретін ұйымдар желісінің кеңеюі үлкен рөл атқарады. Бұл орайда алдымен Тәуелсіздігімізді алған жылдардан кейінгі кезеңде білім жүйесінде болған елеулі серпілісті ауызға аламыз. Нақты көрсеткішпен сөзімізді жүйелесек, қазақ тілінде білім беретін мектептер қатары соңғы 20 жылда үздіксіз өсуде. Мы­салы, олардың саны 1990-1991 оқу жылымен салыстырғанда 1062 ұйымға, соның ішінде соңғы 10 жылда 285 мектепке артты. Жалпы, қазіргі кезде барлық мектептің 79,5 пайызын құрайтын қазақ және аралас 5931 мектеп қазақ тілінде білім береді. Осыған орай қазақ тілінде оқитын балалар саны Тәуелсіздік жылдарында, яғни 1990-1991 оқу жылынан бері 600 мыңнан астам адамға өсіпті. Бұл барлық мектеп оқушыларының 63,8 пайызын құрайды. Қазақ балаларының 86,1 пайызы, сондай-ақ 31 мыңнан астам басқа ұлт баласы қазақ тілінде білім алуда. Пәннің білім беру сапасын көтеруге оқу жүкте­месі ауқымының да әсері болатын­дықтан, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерін­де оқытатын мектептердегі қазақ тілінің сағаты әр сыныпта екі сағатқа көбейтіліп, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің апталық жүктемесі бес-алты сағатқа жеткізілді. Мінеки, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айқын­да­ған тіл саясатындағы алға қойылған міндеттер осындай ауқымды әрі кешенді шаралармен шешімін таппақ. Мұндай игі істерді алға қарай да дамытып, мазмұнын байыта түспекпіз. Бұдан бөлек, қазақ тілі 2008 жылдан бастап Ұлттық тестілеу бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізілгенін білесіздер. Еліміздің орыс, өзбек, ұйғыр, тәжіктілді мектептердегі мемлекеттік тіл пәнін деңгейлеп оқыту мәселесі де жүзеге асып жатыр. Жалпы, оқушылардың білім деңгейін көтеруге бағытталған жұ­мыстар жас ұрпақтың қазақ тілін мемлекеттік білім беру стандарты талаптарына сай меңгеруіне игі ықпал етері анық.
Сонымен қатар кейде орыс тілінде оқы­татын мектептерде оқушылар мемлекеттік тілді білмейді деген жалпылама ұшқары пікірге ұрынып жататынымыз да шындық. Шынтуайтында, олай емес. Өйт­кені барлық оқу пәндері сияқты оқушылар қазақ тілін де өздерінің қабілет-бейімде­ріне қарай әртүрлі дәрежеде меңгереді. Орыс тілінде оқытатын мектептерде оқи­тын орыс және басқа ұлт өкілдері қатарын­да мемлекеттік тілді жетік меңгерген, пән олимпиадасында, конкурстарда жақсы нә­тиже көрсетіп жүрген, тіпті болашақ ма­ман­дық­тарын қазақ тілімен байла­ныстыр­ған оқушылар аз емес және қоғамдағы игі ықпалға сәйкес олардың саны да соңғы уақытта қаулап өсіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс.
 Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында мұғалім­дердің даярлық деңгейін арттыру, жаңа технологиялармен таныстыру, білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндеттер­ді талқылау, озық тәжірибелерді тарату мақ­сатында жыл сайын қазақ тілі мен әде­биетін оқыту мәселелеріне арналған рес­публикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинар-кеңестер, конкурстар өткізіліп келеді. 2011 жылғы қарашада Ш.Уә­лиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік уни­верситеті базасында «Тәуелсіздік және қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың тарихи сабақтастығы» тақырыбында елі­міз­дің жалпы білім беретін мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту сапасын арттыру мәселелеріне арналған респуб­ликалық семинар-кеңес ұйымдастырылған болатын. 
– Білім саласындағы бүгінгі күннің өзекті мәселесі не деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, кез келген елдің болашағы білім беру жүйесінің және зиялылар қауымының деңгейіне байланысты болатыны анық. Олай болса білім беру жүйесін тиімді құра білген ұлттың еңсесі биік, абыройы да жоғары болмақ. Сонымен қатар бүгінгі жаһанданған әлем бізден келешек ұрпағымыздың ғаламдық білім жарысында бәсекеге қабілетті болғанын талап етеді. Өйткені ұлтты ұшпаққа шыға­ра­тын маңызды сала – білім мен ғылым. Ел­басымыз Н.Назарбаев өзінің «Қазақ­стан–2030» стратегиясын қамтыған Жолдауында: «Жастарды қазақстандық патриотизм мен шығармашылық жағынан дамы­ған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу аса қажет. Олар қазақ, орыс және ағылшын тілде­рін бірдей жақсы меңгеретін болады. Олар осы арқылы және өзінің бейбіт әрі қарқынды дамыған, бүкіл әлемге танымал елінің патриоты болады», – дегені барша­мыз­ға мәлім. Елбасының осындай алға қойған зор міндеттерін іске асырушылар – әрине, жастар, келешек ұрпақ. Сондықтан да, менің пайымымша, білім саласында ғана емес, барлық бағытта да бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – жастардың ақыл-ой әлеуетін барынша дамыту, ұлттық сезімдерін ояту, патриоттық рухты қалыптастыру. Бұған біздің министрлік жіті мән беріп келеді. Әсіресе былтырғы жылғы «Отбасы, мектеп, қоғам – игілікті болашақ үшін бірге!» тақырыбында өткен педагогикалық форум мен тамыз кеңестерінде де тәрбие мәселесі кеңінен талқыланды. Демек, ұстаз, отбасы, қоғам арасында өзара тығыз ынтымақтастық орнаған жағдайда ғана білімді де білікті ұрпақты тәрбиелей алатынымыз сөзсіз. Бұл өз кезегінде баршаның мойнына үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. 
– Оқулық сапасына қатысты қоғам арасында айтылып жатқан сындарға қалай қарайсыз? Әртүрлі мектептердің бірдей сыныптарындағы оқушылар оқу­лығында айтарлықтай айырма­шы­лық бар. Сапалы оқулықтың бірың­ғай стандарттарын енгізуге не кедергі?
– Рас, ел Тәуелсіздігінен бері көтеріліп, өзектіге айналып отырған басты мәселенің бірі – оқулық сапасы. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігі оқулықтар мен оқу әде­биеттерін әзірлеудегі әлемдік тәжірибе­ге талдау жасай отырып, осыдан бір жарым жылдай бұрын мектеп оқулықтарын әзірлеудің және басып шығарудың жаңа ережесін бекіткен болатын. Жаңа ережеге сәйкес, оқулық әзірлеу үшін оның құрамы­на ғалымдар, әдіскерлер және бейіні бо­йынша педагог практиктер кіретін авторлар ұжымы құрылып, оқу әдебиеттерін қа­зіргі заманғы дәлелденген ғылыми негіздемелер негізінде стандартқа және оқу бағ­дарламаларына сәйкес әзірлеуі қажет етіледі. Әзірлеуші білім алушылардың жас және психологиялық ерекшеліктерін ескерулері, материалды берудің тиімді әдісте­рін қолдануы қажет. Сонымен қатар шыға­ру­шыларға өз оқулығын әр төрт жыл са­йын пысықтап отыру міндеті жүктеледі. Ат­ал­ған ереже бойынша оқулықтардың макеттері екі кезеңдік: «Оқулық» республи­ка­лық ғылыми-тәжірибелік орталығының және құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары, ғалымдар, мұға­лім­дер, әдіскерлер кіретін Республикалық кеңестің сараптамасынан өткізіледі. Осы сараптамалардың қорытындыларынан оң нәтиже алған оқулықтар ғана жалпы білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынылады. Сондықтан да министрлік оқулық сапасын алдағы уақытта да жіті бақылап, қадаға­лайтын болады. 
– Ұлттық бірыңғай тестіге қатысты бірқатар өзгерістер болатыны туралы баспасөзде айтылып жатыр. Мән-жай­ды ашып айтсаңыз?
– 2011-2012 оқу жылында Ұлттық бір­ы­ңғай тесті бұрынғы формат бойынша өткізіледі. Дегенмен министрлік тарапынан тесті өткізудің ережесін жетілдіруге және оның мазмұнын арттыруға бұрынғы­дан да қатаң талап қойылады. Тест тапсыр­маларының сапасына қатысты да бірқатар жұмыстарды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Айта берсе, мәселе баршылық. Мәсе­лен, қазіргі кезде мектеп оқушыларын тек ҰБТ тапсыратын пәндер бойынша ғана да­йындап, басқа пәндерге көп көңіл бөлінбей келеді. Білім беру ұйымдарының көбі тү­лек­терді тестіге дайындағанда осындай бір­жақтылыққа ұрынуда. Мектепте жал­пыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес, барлық пәндер бойынша талаптар бірдей орындалуы қажет. Сон­дықтан да осындай күрмеулі мәселе­лерді жүйелі түрде шешуді қарастыру қа­жет. Осы ретте болуы мүмкін шешімге келсек, бұл – тестілеуді өз алдына бөлек екі кезеңге бөлу. Оның біреуі орта мектеп курсы үшін қорытынды аттестаттауға бағдар­ланған ұлттық тестілеу болса, екіншісі жо­ға­ры оқу орындарына қабылдау емтихандары болады. Бұған сәйкес, екінші кезең­нен жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірген бітірушілер ғана өтетін болады. Мұндай жағдайда тест тапсыру жоғары оқу орындары мен жекелеген мамандық­тар­дың ерекшеліктерін ескереді. Бұл үшін мүмкіндіктер Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарлама­сында қарастырылған, яғни 12 жылдық білім беру жүйесіне көшумен бірге іске асы­рылатын болады. Аталған форматты ен­­гізу арқылы, біріншіден, тестілеудің бі­рінші кезеңінде қорытынды аттестаттау ке­зін­де және екінші кезеңде мамандықтарға бай­ланысты блоктар бойынша өткізілетін түсу емтихандарына арналған тестілеуге қатысу үшін мектепте барынша көп пәндер­ді оқып, дайындалуға мүмкіндік береді. Ал бұл әрекетіміз арқылы біз тек тестілеуге қатысты пәндерді ғана оқытудан арылып, керісінше, мектепте оқытылатын басқа да пәндердің мәртебесін көтеретін боламыз. Екіншіден, жоғары оқу орнына түсу үшін мамандықтарды таңдау мүмкін­діктерін кеңейтуге жол ашамыз. Үшін­шіден, жоғары оқу орнына түсу жөніндегі тестілеуді сапалы өткізуді және жоғары оқу орнына түсу үшін сапалы іріктеуді (неғұрлым дайын­дал­ған талапкерлерді) қамтамасыз етуге мүмкіндік аламыз. Әрине, бұл бүгін ғана бай­қалып отырған құбылыс емес. Министрлік жанындағы арнайы жұмыс тобы аталған форматты 2008 жылдан бастап талқылап келеді. Жалпы, жұртшылықтың ой-пікірлері мен көзқарас-ұстанымдары дұ­рыс. Ендеше, қандай да бір өзгерістер болып жатса, оның баршасы қоғам үде­сінен туындаған талаптарды орындауға, жүйені әлемдік өркениетпен ықпалдас­тыруға бағытталады деп айтқым келеді. 
– Білім беру сапасы педагог кадрлар әлеуетіне тікелей байланысты десек, елімізде білікті педагогтердің қар­таюына, мамандардың бәсекеге қабі­лет­тілігінің төмендігіне байланысты да проблемалар баршылық. Ендеше, жас­тарды осы мамандыққа тартудың негізгі идеясы қандай? Ұстаздың беделін көтере түсуге не жетпей жатыр?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев өзінің Жолдауында: «Біз мұғалім мәртебесі мен абыройын қайта­руға міндеттіміз», – деп атап көрсеткен бо­латын. Осы бағытта біршама жұмыстар атқарып жатырмыз. Мәселен, «Білім туралы» Заңға педагог мәртебесі туралы жеке тарау енгізілді. Аталған тарауда «мемлекет қоғамдағы педагог қызметкерлердің ерек­ше мәртебесін таниды және кәсіптік қыз­метін жүзеге асыру үшін жағдай жасайды» деп анық жазылды. Заңның осы тарауын орындау мақсатында қазіргі кезде педагог­терге көтерме ақы беру, тұрғын үй алу үшін ұзақ мерзімге жеңіл несие беру, бар­лық мұғалімдерді тегін медициналық тексеруден өткізу, білім беру гранттарын та­ғайындау, ауылдық жерлерде коммунал­дық шығынды өтеу үшін жылына бір рет қаражат бөлу, жалақыға 25 пайыз үстеме ақы төлеу мәселелері шешіліп жатыр. 2005 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет сала­сы қызметкерлерінің еңбекақысы, оның ішінде мұғалімдердің жалақысы 32%-ға, 2007 жылы 30%-ға, 2009 жылы 25%-ға, 2010 жылдың 1 сәуірінен 25%-ға, 2011 жыл­дың 1 шілдесінен 30%-ға өсті. 2011 жыл­дың 1 қыркүйегінен мұғалімдердің бі­лік­тілік санаттары үшін үстеме жалақы қосылды. Бұдан бөлек, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген мамандарға 70 еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдем­ақы, тұрғын үй сатып алу үшін несие бері­луде. 
Педагогтің мәртебесін жоғарылату Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарының бірі болып отыр. Педагог мәртебесін жоғарылату барысында 2013 жылдан бастап ваучерлік жүйе ар­қылы педагогтің біліктілігін арттыру; бейіндік мектеп үшін педагог-магистрлерді дайындау жүйесін жетілдіру; 2015 жылы жалақыға қосымша үстемақы қосу, мұғалім жалақысын экономикадағы орташа дең­гей­дегі жалақы мөлшеріне жеткізу; «Бола­шақ» бағдарламасы арқылы ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдерді дайындау қарастырылған. Жалпы, былтырғы жаңа оқу жылынан бастап жоғары санат­та­ғы мұғалімдер мен өндірістік оқыту шеберлері біліктілік санатына қарап, қыз­меттік жалақысынан 100 пайыз қосымша ақы алады. Бұған қоса, еңбекақы төлеудің жаңа үлгісі – біліктілік санатына және нә­тижеге бағытталған еңбекақы төлеу тетігін енгізуді көздеп отырмыз.
Тоқтала кететін тағы бір жайт, ұстаздың мәртебесі тек қана жалақының өсуімен өлшенбейді. Ұстаздың мәртебесін жоғары деңгейге көтеру үшін ұстазға қоғам, ата-ана, оқушы тарапынан қошемет көрсетіліп, мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау жасалуы шарт деп білемін. Бұл үшін педагог кәсібін, озық тәжірибе және үздік педа­гогтердің жетістіктерін белсенді насихаттау­ды дұрыс жолға қою керек. Министрлік осы бағыттағы шараларға баса дем беруді ойластырып жатыр. Мәселен, былтыр математика мұғалімдерінің I съезі, информатика мұғалімдерінің «Алтын диск» конкурсы, «Талантты мұғалім – қабілетті балалар­ға» атты VI республикалық олимпиада, «Отбасы, мектеп, қоғам – игілікті болашақ үшін бірге!» тақырыбында республикалық педагогикалық форум, «Тәуелсіздік және қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың тарихи сабақтастығы» атты қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің республикалық семинар-кеңесі, «Құрметтейік ұстазды!» атты шаралар – осының дәлелі.
Келелі тағы бір мәселе – оқушыны бі­лім­мен сусындататын ұстаздың өзінің білім сапасы. Сондықтан да педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесін түпкілікті қайта қа­растырудамыз. Назарбаев зияткерлік мектептері жанынан құрылып жатқан Пе­да­гогикалық шеберлік орталығы мен «Ұлттық педагогтердің біліктілік арттыру орталығы» холдингі осы жүйені жаңғыртудың негізгі тұғыры болмақ. Ол барлық облыстық бі­лік­тілік арттыру орталықтарын және Қазақ­стандағы жетекші бес педагогикалық жо­ғары оқу орнындағы орталықтарды біріктіретін болады. Жалпы, мұғалімдерді қайта даярлауда ваучерлік-модульдік жүйенің маңызы зор. Осы жүйе шеңберінде мұға­лімдерге біліктілікті арттыру курсынан өту­дің орнын және уақытын таңдау мүмкіндігі туып отыр. Одан басқа, біз жаңа формация педагогтерін даярлау мен олардың біліктілігін арттыруды халықаралық «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде іске асырамыз. Бұл, әсіресе, жас ұстаздар үшін үлкен мүм­кіндік болмақ. Осының бәрі Елбасымыздың мұғалімдерге, жалпы білім беру жүйесіне деген ерекше ықыласының нәтижесі екені сөзсіз.
– Әңгімеңізге рақмет.




Яндекс.Метрика