Өңірлер

БҚО-да АӨК-ні қолдауға 4,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

Биыл Батыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіптік кешенді қолдау мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 4,7 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 9,2%-ға артық, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Батыс Қазақстан29 Қыркүйек , 09:56

«Биыл егістіктің шығымы мол болды. Гектарына 8,2 центнер шығып, ауданнан жалпы 232,7 мың тонна астық жиналды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10,3%-ға артық», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, өткен жылғымен салыстырғанда картоптың да шығымы жақсы болды. Атап айтар болсақ, картоп өткен жылғыға қарағанда 2,2%, бау-бақша өнімдері 6% артық шықса, көкөніс өткен жылғы деңгейде өндірілді. Маусымаралық кезеңдерде көкөністі сақтау үшін 2 мың тонналық қойма салынды. Қазіргі таңда тағы 2,4 мың тонналық қойманың құрылысы жүріп жатыр.

«Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» бағдарламасы аясында облысқа шет елден 343 бас асыл тұқымды мал әкелінді. Жыл басынан бері «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 39 шаруа қожалығы 378 млн теңгенің несиесін алып, 1874 бас сүтті және 73 асыл тұқымды бұқа әкелінді.

«Биыл 5 шаруа қожалығына 2500 басқа арналған қора құрылысы жүріп жатыр. Айына 1750 бас мал союға мүмкіндік беретін мал сою пунктінің құрылысы да аяқталды және ауысымына 10 тонна ет бұзатын қасапхана құрылысы жүріп жатыр», - деп хабарлайды әкімдік.




Яндекс.Метрика