Халықаралық интеграция

Сенатор С. Ақылбай ТМД ПАА-дағы халықаралық конгреске қатысты

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай Санкт-Петербургте өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының V Халықаралық «Өмірдің қауіпсіздігі үшін жолдағы қауіпсіздік» конгресіне қатысты.
Әлемде27 Қыркүйек , 14:32

Сенаттың баспасөз қызметі хабарлауынша, 26 қыркүйекте Таврия сарайында өткен отырыста сенатор С.Ақылбай «Қазақстан Республикасындағы жол қозғалысы қауіпсіздігінің құқықтық негіздері» тақырыбы бойынша баяндама жасады және Қазақстандағы жолдағы жүріс қауіпсіздігінің өзекті мәселелерін шешу жолдары туралы әңгімеледі.

Атап айтқанда, С.Ақылбай еліміздегі жол жүрісінің барлық мәселелері жүйеленген «Жол жүрісі туралы» заңға егжей-тегжейлі тоқталды. «Жаңа заңды әзірлей отырып, біз оның қазіргі замандағы халықаралық талаптарға жауап беруіне және жол жүрісін ұйымдастыруда тиімділікті арттыруға, жол жүрісін басқарудың мемлекеттік жүйесін жетілдіруге, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың құзіреттерін нақты айқындауға, интеллектуалдық көлік жүйесін енгізудің негіздерін белгілеуге, жол құрылысы мен жаңғырту барысында жауапкершілікті күшейтуге  баса назар аудардық», - деп атап өтті депутат.

Сондай-ақ С. Ақылбай Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша пайдалануға берілгеніне 7 жыл болмаған көлік құралдарын (коммерциялық мақсаттардан басқа) міндетті техникалық байқаудан босату, сондай-ақ көлік құралдарын басқаруға сенімхат беруді 2015 жылға дейін тоқтату мәселелері қарастырылып жатқанына конгреске қатысушылардың назарын аударды.

С. Ақылбай автомобильдерді мемлекеттік тіркеудің көтеріңкі және ерекше сұранысқа ие нөмір белгілерін сату рәсімдерін реттейтін, ішкі істер органдарының қызметкерлерінің талаптары бойынша көлік құралдарын тоқтатудың нақты негіздерін бекіту туралы жаңа ережелер және азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында енгізілген басқа да жаңалықтар туралы айтты.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының V Халықаралық «Өмірдің қауіпсіздігі үшін жолдағы қауіпсіздік» конгресінің қорытындылары бойынша декларация қабылданды.




Яндекс.Метрика