Мәдениетті жаңғырту

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де Білім тарихы музейі ашылды

Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Білім тарихы музейінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚР БҒМ.
Астана қаласы27 Қыркүйек , 13:05

Ведомстваның хабарлауынша, мұражайды ашудағы мақсат – мәдени-ағартушылық құндылықтарды инновациялық мұражай кешенін құру арқылы сақтап қалу және дәріптеу. Сонымен қатар  елдің нағыз патриоттарын тәрбиелеу, тарихи құндылықтарды дамыту, сақтау, ғылыми тұрғыдан зерттеу.

Мұражай халықтың барлық тобына арналған. Өзінің атқаратын қызметі, мұражайға келушілердің әлеуметтік жағдайы мен жұмыс формасы бойынша әлемдік мұражай орталықтарының қазіргі заман талабына сай үрдісіне толық жауап береді.

Елімізде алғаш рет ашылғалы отырған Білім тарихы мұражайы экспозициясының композициялық құрылымы өзгеше: бейнелі, сюжеттік, жазба, көрнекі құрал-жабдықтар мен тарихи жәдігерлер молынан қойылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ерекше бағалы мұражайлық заттар мен мәдени құндылықтар жинақтамасын көпшілікке көрсету арқылы өткен тарихқа оң көзқарас қалыптастыру.

Мұражай құрылымында  «Түркі кезеңіндегі ҮІ-ҮІІІ-ХІҮ ғасырдағы педагогикалық ескерткіштер: ХҮ-ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ ақындары мен жырауларының ағартушылық көзқарасы, Қазақстанда ғылыми педагогикалық ойдың туындау кезеңі (ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басы), Қазақстаннның білім беру мен ағартушылық саласына шет елдік ғалымдардың қосқан үлесі, «1917-1990ж. Кеңес кезіндегі ғылым мен білім берудің дамуы», 1991 жылдар мен қазіргі кезеңге дейінгі жаһандану жағдайындағы білім беру мен ғылым» секілді бөлімдер бар.

Экспозицияға Д.Қамзабекұлы, С.Аққұлы, Н.Белекұлы, К.Шарипова, т.б.ғалымдардың жеке қорынан алынған суреттер мен құжаттар да алғаш рет ұсынылып отыр.

Сонымен қатар Семей өлкетану мұражайы, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының қорынан  сирек кітаптар мен мерзімді басылымдар алынған. Әсіресе қазақтың ұлы ақыны Абай шығармаларының түпнұсқасы, ХҮІІІ-ХІХ ғасырда жарық көрген кітаптар, ХІХ ғасырдағы жазу машинкасы мұражайға келушілерді қызықтыра  түседі.




Яндекс.Метрика