Халықаралық интеграция

ҚР Ауғанстанға бейбіт өмірді қайта орнату бойынша әлемдік қауымдастықтың әрекеттеріне үлес қосады – СІМ

ҚР СІМ ерекше тапсырмалар бойынша елшісі Тимур Оразаев Ауғанстандағы президенттік сайлау нәтижесіне арналған брифингте қазақстандық тараптың сайлау қорытындысына қанағаттанатынын айтып, қазіргі Ауғанстанның тарихындағы алғашқы бейбіт билік алмасуының маңыздылығын атады, деп хабарлайды ведомства.
Астана қаласы27 Қыркүйек , 10:32

Ол осы елдің қайта қалпына келуі мен екіжақты ынтымақтастық болашағын нығайту бойынша Қазақстан тарапынан қолға алынып жатқан шаралар туралы ақпар беріп, Қазақстан  Республикасының Ауғанстанға бейбіт өмірді қайта орнату бойынша әлемдік қауымдастықтың әрекеттеріне үлес қосатынын айтты. Сонымен қатар ол биылғы жылдың 29 қыркүйегінде болатын АИР жаңа Президенті Ашраф Ғани Ахмадзаяны ұлықтау рәсіміне Қазақстан өкілдерінің қатысатынын жеткізді.

«ҚР СІМ халықаралық ынтымақтастық бөлімінің жетекшісі Ақерке Абылайхан Қазақстанның түрлі оқу орындарында жалпы саны 1000 ауған жастарын оқытатын білім беру бағдарламасының іске асырылып жатқанын айтты. Аталмыш бағдарламаның жүзеге асырылуы 2010 жылы басталып, қазіргі таңда елімізде 800-ден астам ауған жастары білім алуда. Онда аталмыш елді қалпына келтіруге қажетті мамандықтар, атап айтар болсақ, инженер мен медицина және өзге де азаматтық мамандықтарға басымдылық берілген», - делінген хабарламада.

А.Абылайханның айтуынша, оқуды бітіргеннен кейін Ауғанстанда кемінде 5 жыл еңбек ететін ауған студенттерінің оқуды бітіргеннен кейінгі жағдайларын бақылап отыратын арнайы комиссия жұмыс істейді.

Өз кезегінде Т.Оразаев ЕО пен АҚШ-тық әріптестерімен ауған студенттерін осы елдердің оқу орындарында магистратура және доктарандура бойынша білім беру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті.




Яндекс.Метрика