Білім беру

Сенаттағы конференцияда кәсіптік-техникалық білім беру мәселелері талқыланды

Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік- техникалық білім беру жүйесі дамуының жай-күйі мен болашағы және оны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету шаралары туралы» тақырыбына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөз сөйледі. Шараны Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті ұйымдастырды, деп Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Астана қаласы26 Қыркүйек , 16:32

Конференцияны аша келіп, Қ.Тоқаев «кәсіптік-техникалық және жоғары білім беру ағымдағы және келешектегі отандық экономиканың білікті мамандарға деген қажеттіліктерін толыққанды қанағаттандыруға бағдар алуы тиіс», - деп атап өтті.

Ол сондай-ақ Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында дәл осындай мақсат қойғанына конференцияға қатысушылардың назарын аударды.

Қазақстандағы білім беру саласындағы заңнамалық база тұрақты түрде жетілдіріліп келеді, 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, табысты іске асырылуда.

Сенат Төрағасы «Парламент пен Үкімет бірлесе отырып, кәсіптік және техникалық білім беру саласын жетілдіру және оны әлемдік стандарттар мен талаптар деңгейіне жеткізу жөнінде жұмыстар жүргізу қажет» деп мәлімдеді. Баяндамашы қоғамдағы кәсіптік орта білімді екінші дәрежедегі білім ретінде қалыптасқан пікірді өзгертуге шақырды. Біздегі кәсіптік бағдар беру жүйесі қазақстандық жастарды өмірге тың көзқараспен қарауға және уақыт талабына сәйкес міндетті түрде жұмыс дағдылары мен икемділікті үйренуіне бағыттауы тиіс. Қ.Тоқаевтың пікірінше, «Филологтың, заңгердің, дипломаттың дипломын алып, текке жүргенше техникалық мамандық алып, нарықта сұраныстағы маман болып, өміріңе қажетті ақша тапқан жақсы екенін тіке айту керек».

Қ.Тоқаев сондай-ақ 2 қыркүйекте Парламенттің осы сессиясы ашу кезінде Президент Н.Назарбаев дуальдық жүйені ескере отырып, кәсіпорындарда міндетті өндірістік тәжірибеден өтуді көздейтін білім беру мәселелері туралы заң жобасын сенаторлардың қарастыруға және қолдауға әзірлігін атап өтті.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Ақан Бижанов кәсіптік-техникалық білім берудің негізгі мәселелері ретінде оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің еңбегіне ақы төлеуді одан әрі жетілдіру, колледждердің техникалық жаңғырту, сондай-ақ әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимылды күшейтуді атап өтті.

Конференцияда денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, «Еуразия тобы» ЖШС вице-президенті Юрий Серебряков, Ақмола облысы Агробизнес колледжі директоры Қайыргелді Қарабаев және білім беру және бизнес саласының басқа да өкілдері сөз сөйлеп, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жетілдірудің өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар енгізді.

 




Яндекс.Метрика