Өңірлер

Б.Сапарбаев: ШҚО-ның тұрақтандыру қорларында шамамен 15 мың тонна азық-түлік бар

Облыстың барлық аудандары мен қалаларында тұрақтандыру қорлары құрылды. Онда облыс халқына қажетті 15 мың тоннадай азық-түлік өнімдері бар, деп мәлімдеді бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев.
Астана қаласы26 Қыркүйек , 12:24

«ҚР Үкіметінің тұрақтандыру қорын құру туралы тапсырмасы бар. Бүгінге дейін аталмыш қорды құрдық. Шамамен 11,5 мың тонна азық-түлік жиналды. Сонымен қатар, облыстың аудандары мен қалаларында осындай тұрақтандыру қорлары құрылып, онда облыс халқына қажетті 15 мың тоннадай азық-түлік өнімдері жиналды. Біз мұнымен шектелмей, Өскемен мен Семейде жәрмеңке өткізіп, халықтың нарықтан арзан бағамен азық-түлік сатып алуына жағдай жасап жатырмыз», - дейді әкім.

Айта кету керек, тұрақтандыру қорлары халықты өңірде өндірілмейтін немесе аз өндірілетін негізгі өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында құрылады.

«Тұтыну бағасының индексі басты назарда. Яғни, негізгі азық-түлік тауарлары, өндірістік тауарлар мен қызмет түрлері бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу. Бұл көрсеткіш біздің облысымызда биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 105,4%-ға жетіп отыр. Бұл жалпы республикалық көрсеткішке қарағанда сәл төмен. Қазіргі басты мақсат Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша өңірді негізгі тұтыну тауарларымен қамтамасыз ету. Атап айтар болсақ, бізде қазір қант, күріш пен жұмыртқа тапшылығы бар. Осы мәселені шешу үшін көршілес өңірлермен байланысты күшейтпекпіз», - дейді ол.

Индира Қауметова




Яндекс.Метрика