Жалпыға бірдей еңбек қоғамы

Қазақстанда тұңғыш рет Еңбек күні аталып өтеді (Брифинг бейнебаяны)

Биыл Қазақстанда Еңбек күні тұңғыш рет мерекеленбекші, бұл мереке күні қыркүйектің соңғы жексенбісі болып бекітілді, деп мәлімдеді ОКҚ брифингінде денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғандықов.
Астана қаласы 25 Қыркүйек, 15:50

«Бұл мереке еңбек адамының қоғамдағы статусын көтеруді мақсат етеді. Шара өндірістік қызметті машықтандыруға, жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және көпжылдық еңбек дәстүрін нығайтуға аса көңіл бөледі. Бізде мерекелердің саны көп, алайда, жаңадан атап өткізілгелі отырған еңбек күнінде өз күшімен, табандылығымен көрсеткішке қол жеткізген адамдар ұлықталады. Қара терін төгіп жетістікке жеткен адамдар туралы үнемі айтып отыру керек», - деді ол.

Сондай-ақ, вице-министр атап өткендей, мереке аясында бірқатар ұжымдық шаралар өткізілетін болады.

«Бұл мереке тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқандықтан, шаралар жоспары республикалық үштарапты комиссия отырысында мақұлданды. Оның құрамына біздің әлеуметтік әріптестеріміз Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның кәсіподақтары федерациясы кірді. Аталмыш жоспар аясында спорттық, шығармашылық шаралар, байқаулар өткізіледі. Бұл шаралардың барлығы ұжымдардың бірлігін арттыруға бағытталған», - деді Д.Арғандықов.

Айта кетерлігі, еңбек күніне орайластырылған мерекелік шаралар елдің барлық аймақтарында өтеді. Олардың қатарында Қызылордада еңбек әулетінің форумы, Өскеменде «Мамандығының үздігі», Шымкент, Павлодар, Талдықорған қалаларында «еңбек адамы» байқаулары өтеді.

Индира Қауметова





Яндекс.Метрика