Экономика

«KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігі медицина саласындағы шетелдік инвесторлармен бірнеше меморандумға қол қойды

«KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігі медицина және денсаулық сақтау саласындағы шетелдік компания өкілдерімен ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдар жасады.
Астана қаласы 25 Қыркүйек, 15:31

Ұлттық агенттіктің хабарлауынша, шараға 13 елдің кәсіпкерлері қатысты. Олардың арасында Votem, Schumacher, Osatu, Shimadzu Corporation, Gesan Production, Bemems, Micobiomed, FRESENIUSSE&CO. KGAA, Sewon CellontechCo, Plast Europe, SAgroup, Translumina және өзге де компаниялардың өкілдері бар.

«KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігінің кездесу қорытындысы бойынша, «ББ және компаниясы» ЖШС мен Promedical (Италия) арасында қан сақтау мен тазалау гемоконтейнерлерінің бірлескен өндірісін құру туралы меморандум жасалды.

Сонымен қатар, Қазақстандағы медициналық құрылғылардың толық циклді өндірісімен айналысатын «KAZMEDPRIBOR Holding» ЖШС мен Gesan Production Srl компаниясы CHEM-200 автоматты биохимиялық анализатор мен диагностикалық және зертханалық құрылғыларға арналған медициналық реагенттер шығаратын зауыт салу туралы келісімшарт жасады.

Сондай-ақ, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі «KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігі мен «KAZMEDPRIBOR» ЖШС Holding және Votem компанияларымен монитор өндіру, Micobiomed компаниясымен глюкоза мен липидтерді мониторингтеу жүйесін өндіру, Osatu компаниясымен дефибриллятор өндіру, «Plast Europe» компаниясымен оташылар үшін стерилденген бөлмелер дайындау туралы өзара ынтымақтастық меморандумдарын жасады.  

Бүгінгі таңда «KAZNEX INVEST» агенттігі тарапынан Pfizer, GlaxoSmithKline, Merck, Kormed, BS Medical, Janssen секілді халықаралық компанияларды тарту жұмыстары жүргізілуде.  

Камила Амирова





Яндекс.Метрика