Парламент

Қазақстанда ұйымдарды экстремистік деп тану мерзімі заң бойынша қысқартылады

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қабылдаған «Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды.
Астана қаласы25 Қыркүйек , 12:37

Заң жобасы тарапынан экстремизм мен терроризмнің көрініс табуымен күрес шараларын күшейтуге бағытталған қолданыстағы бірқатар нормативті құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылған.

«Заң жобасының мақсаты экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін заңнамалық тұрғыдан бекіту, жеке адамның, қоғам мен мемлекет мүдделерінің қорғалуын жаңа сападағы деңгейге көтеру, сондай-ақ экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметте мемлекеттік органдар өкілеттіліктерінің аражігін ажыратуды нақтылауды заңнамалық тұрғыда бекіту болып отыр», - делінген комитеттің қорытындысында.

Өткен жылдан бері жалпы арнайы органдар тарапынан 9 террористік актілердің алды алынды. 2013 жылы 5 террорлық қылмыс жасалса, 2014 жылы осындай 52 қылмыс тіркелген.

«Заңға сай, ұйымдарды экстремистік немесе террористік деп тану мерзімі өте ұзаққа созылады. Тек прокурор ғана сотқа істі жіберіп, кейін сот бір ай ішінде оны қарайды. Одан кейін шешімнің күшіне енуіне тағы 15 күн керек болады. Бұл дегеніңіз кемінде 2 ай. Ал тараптардың шешіммен келіспеген жағдайында іс жарты жылға дейін созылады. Одан кейін сот шешімі құзіретті органға орындауға жіберіледі», - дейді Қазақстанның Бас прокуроры орынбасары Жақып Асанов.

Оның айтуынша,қаралып жатқан заң жобасы аталмыш мерзімді барынша қысқартып, оның орындалуын да жеделдетеді.  «Құжат экстрмистік ұйымдар қызметін доғаруға мүмкіндік береді», - дейді.

Сонымен қатар, заң жобасы экстремистік және террористік мазмұндағы ақпараттық материалдарды тарату мен дайындау, басу және тасымалдаудың алдын алу туралы норманы жетілдіруге бағытталған.

Камила Амирова




Яндекс.Метрика