Көлік саласындағы ілкі жобаларды жүзеге асыру

Казахстан20 Тамыз , 00:00

Жүргізуші

- Сәлеметсіздер ме, құрметті пайдаланушылар! ВNews студиясында Онлайн-конференция. Бүгін бізде Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев қонақта. Студиямызға қош келіпсіз!

- Асқар Қуанышұлы, біздің көптеген пайдаланушыларымызды «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы қашан аяқталатындығы қызықтырады. Және ведомствоның биылғы жылға жоспары қандай? 

 - Жобаны толығымен 2015 жылдың соңына қарай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазір аталмыш дәлізде қарқынды жұмыстар жүруде. Биылғы жылғы жоспарға қатысты айтсақ, тағы 806 шақырым жолды салуды жоспарлап отырмыз. Айта кетейік, өткен жылдары қозғалыс үшін 915 шақырымды іске қостық. Биыл тағы 480 шақырым учаскеде қайта жөндеу басталады. Олар – «Алматы-Қорғас», «Ташкент-Шымкент» және «Шымкент – Жамбыл облысының шекарасы». 

Жүргізуші - Қазақстандықтар көптен бері Астанадан Павлодар мен Қарағандыға дейінгі және Алматыдан Қапшағайға дейінгі жолдардың құрылысын тосуда. Бұл учаскелер қашан салына бастайтындығы туралы нақты мерзімдер бар ма? 

 - «Астана-Павлодар» және «Астана-Қарағанды» автожолдарының құрылысы жақын уақытта басталады. Жобалық-сметалық құжаттар бойынша жұмыстар аяқталды, мердігер анықталғаннан кейін жұмыстар басталатын болады. Оларда төрт жолақты қозғалыс қарастырылған. «Алматы-Қапшағай» жолына қатысты айтатын болсақ, оның да құрылысы биыл басталады. Оның кейбір учаскелерінде алты жолақ болады, бұл қозғалыстың қарқынымен байланысты. Яғни, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізіне қоса, Қазақстанда облыс орталықтарын байланыстыратын осындай қосымша автобандар пайда болады. 

Жүргізуші - Кейбір пайдаланушыларымызды «Астана-Өскемен» жолы автобан болады ма?» деген сұрақ қызықтырады. Бұл жолдың құрылысы жоспарда бар ма? 

 - Иа, жол автобан болады. Президенттің тапсырмасы бойынша биыл біз Орталық - Шығыс бағытын дамытуды бастаймыз. Мұнда «Астана-Павлодар» жолы енеді, ол туралы айтып өттім, одан әрі Павлодардан Семей арқылы Өскеменге дейінгі жолдың құрылысы бойынша жұмыстар жалғасатын болады. 

Жүргізуші - Жуырда Елбасының қатысуымен «Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» теміржол желісі пайдалануға қосылды. Бұл жолдан не күтеміз және оның маңыздылығы неде? 

 -  Жолдың маңыздылығы, оның екі мемлекетті Қазақстан мен Түркіменстанды байланыстыратындығында ғана емес, ол сондай-ақ солтүстікті оңтүстікпен қосатын болады. Бұл жүк ағынын басқаруға, нақты айтқанда, солтүстіктен оңтүстікке бет алған транзитті арттыруға мүмкіндік береді. Егер нақты цифрлармен айтатын болсақ, бұл желі жолды 600 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл жолмен жүктер Ресейден, Еуропадан келетін болады, Қазақстан мен Түркіменстан арқылы Иранға, одан әрі Парсы шығаны елдеріне жөнелтіледі. Көлемдер туралы айтсам, 2020 жылға қарай біз аталмыш темір жолы арқылы 15 млн. тонна жүкті бағыттауды жоспарлап отырмыз, оның 3 млн. тоннасын - транзитпен. Онымен қоса, бұл қомақты табыстар. 

Жүргізуші - «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол желісінің құрылысы қандай сатыда? 

 - «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» қазіргі уақытта қарқынды түрде салыну үстінде. Мысалға, «Жезқазған-Бейнеуде» 3 мыңға жуық адам жұмыс істеуде, 14 млн. текше метр топырақ төселіп, жолдың үстіңгі қабатының 59 шақырымы жабылды. «Арқалық-Шұбаркөлде» 1 мыңнан астам адам еңбек етуде. Онда да жұмыстар белсенді жүруде, топырақтың 13,8 пайызы төселді, бүгінде басты жолдың 12 шақырымы дайын. 

Жүргізуші - Ал мен пайдаланушыларымызға BNews студиясында ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевпен Онлайн-конференция өтіп жатқандығын еске саламын. Жуырда сұхбаттарыңыздың бірінде өлшем маркалары туралы, яғни көлікке шамадан тыс жүктің артылуын өлшейтін таразылар туралы айтып өттіңіз. Олардың қанша санын қойып үлгердіңіздер? 

 - Бүгінде мұндай аркалардың үшеуі орнатылды. Нәтижесі де бар. Бір арка арқылы көліктік бақылаудың стационарлық бекетіне қарағанда бұзушылықтар 10 есеге көп тіркеледі. Сәйкесінше, айыппұлдардың саны арта түседі. Жыл соңына дейін мұндай тағы 10 арканы орнататын боламыз, ал 2016 жылға қарай олардың санын 80-ге арттыру көзделуде. Біз аркаларды не үшін қойып жатырмыз? Бұл, жасыратыны жоқ, көліктік бақылауда, нақты айтқанда, шамадан тыс артылған көлікті тексеру процесінде болып жатқан барлық жемқорлықтық қауіптерді жою үшін жасалуда. Бұл автоматты аркалар автобусқа трасса бойымен тоқтаусыз өтуге мүмкіндік береді. Бұл ретте, оның салмағы автоматты түрде өлшенетін болады. Бұл бізге жүк көлігін тексеру процесінде адами факторды және жемқорлық қауіптерді болдырмауға мүмкіндік береді. Яғни, сен электронды жүйемен келісе алмайсың. Меніңше, жақын уақытта бұзушылыққа ешкім бармайтын кезге жетеміз. 

Жүргізуші - Олар қай жерлерде орналастырылған? 

 - Олар Ақмола облысының Қосшы кентінде, Жамбыл облысының Меркі кентінде және Қызылорда облысының Жанақорған кенттерінде орнатылған. 

Жүргізуші - Сұрақтарды жалғастыра отырып, пайдаланушымыздың сауалын оқып беруге рұқсат етіңіз: «Егістік жерден шығып келе жатып көліктің білігіне түсетін жүктелімді қалай анықтауға болады, себебі, таразылар белгіленген жерлерде ғана орнатылған ғой?» 
- Сұрақ қызықты. Білікке жүктелімді жылжымалы таразыны пайдалана отырып тексере аласыз. Жүкті тиеу барысында таразы болмаған жағдайда, Сіз көлік құралының өзіндік салмағын және өндіруші-зауыттың техникалық сипаттамаларымен қарастырылған біліктерге жүктелімнің түсуін ескеруіңіз қажет. Мысал үшін, КАМАЗ-55111-дің жүк көтерілімі 13 тонна. Егер Сіз 13 тонна жүкті тең етіп орналастыратын болсаңыз, онда білікке жүктелім зауыттың техникалық сипаттамаларына сәйкес түседі. Яғни, өзінің салмағы 9 тонна, алдыңғы білікке жүктелім 5,1 тоннаны, ал екі еселенген артқысына 16,2 тоннаны құрайтын болады. Бұл норма. 

Жүргізуші - Білуімше, Көлік және коммуникация министрлігіне келісімен, сіз көліктік бақылаудың тағы бір түйіткілді жерін – жүк тасымалдарына рұқсатты беру процесін автоматтандыруды шештіңіз. Бұл идея қазіргі уақытта қандай сатыда? 

Жүргізуші - Бүгінде бұл тек идея ғана емес. Бұл мәселені, проблеманы күн тәртібінен алып тастадық, себебі бұл жоба іске асырылып үлгерді. Бүгінде бұл жүйе арқылы ілкі режимде 15 мың рұқсат беріліп үлгерді. Оның негізгі артықшылығы, енді көлік инспекциясына барудың қажеті жоқ. Өтінімді интернет, «электронды үкімет» арқылы бересіз. Тек бланкті алып кету үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына келесіз. Осылайша, бланктарды үлестіруде және беруде жемқорлық қауіптер жойылады. Және біз бұл бағытта жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Себебі автоматтандырудың арқасында процестер ашық бола түседі және сыбайлас жемқорлық фактілер жойылады. 

Жүргізуші - Азаматтық авиацияға қатысты сұрақ. Қазақстан «қара тізімнен» жақын уақытта шығады деген үміт бар ма? 

 - Біз ИКАО қызметкерлерімен айтарлықтай белсенді жұмыстарды атқарудамыз, бұл ұйым әлемдік авиация саласында заң шығарушы болып табылады. Бүгінде Қазақстанда тоғыз адам жұмыс істеуде. Біз олармен бірге азаматтық авиация саласындағы заңнамаға талдау жүргіздік, олар өз ұсынымдарын берді. Нәтижесінде, заңнамаға 40-қа жуық түзетулер енгізілуде. Сондай-ақ ИКАО-ның Техникалық бюросы бізге Азаматтық авиация комитетін нығайту қажеттігін меңзеді. Онымен комитет қызметкерлеріне шешімді қабылдау мүмкіндігін және құқығын беру көзделеді. Мұнымен не меңзеледі? Құқық – бұл қандай да бір авиациялық компанияларды, ұшақтарды, әуе кемелерін тексеретін инспекторлардың нақты міндеттері, нақты құқықтары. Екіншіден – лайықты еңбекақы. Авиация комитетінің қызметкерлері лайықты жалақы алуы тиіс. Айта кетейін, бүгінде Елбасы 40-қа жуық инспекторға еңбекақыларын көтеру жөніндегі тиісті қаулыға қол қойды. Бұл қызметкерлерді жұмысқа қабылдау бойынша конкурсты жақын уақытта бастайтын боламыз. Үшіншіден – бұл авиакомпаниялар тарапынан міндеттердің толығымен орындалуы. Қазір біз ИКАО Бюросының сарапшыларымен авиакомпаниялардың және әуе кемелердің ресертификациясын жүргізудеміз. Қандай да бір авиакомпаниялар бұл процедурадан өтпеген жағдайда, олармен қоштасуымызға тура келеді. Олардан лицензиялар алынады. Әуе кемелеріне қатысты айтатын болсақ, олар ИКАО-ның ұсынымдарына енген барлық талаптарға сәйкес келуі тиіс. Таяу уақытта бұл жұмыстар аяқталады және олар туралы сіздерге хабарлайтын боламыз. Күзге қарай аудит өткізіледі, жыл соңында Еуропалық одақтың Қауіпсіздік кеңесінің отырысы күтілуде. Онда еліміздің «қара тізімде» болу мәселесі қаралатын болады. 

Жүргізуші - Ержаннан бірқатар сұрақтар: «БАКАД-тың құрылысы нақты қашан басталады? Бірінші кезекте қанша щақырымды іске қосу жоспарланған? Екінші сұрақ – Талғар күре жолында, нақты айтқанда Тұздыбастау кенті маңындағы кептелістер проблемасын шешу қалай жоспарланып отыр? 

 - Алматыдан шыға берісте проблемалар бары түсінікті. 2018 жылға дейінгі бағдарламаға сәйкес барлық шыға беріс жолдар, соның ішінде «Алматы-Талғар», Тұздыбастау кентінің учаскесі төрт жолақты болады. Мұның барлығы Алматыдан шығу және кіру жолын жеңілдету және өткізу қабілетін арттыру мақсатында жасалуда. БАКАД бойынша 20 мамыр күні Алматы қаласында әлеуетті инвесторлармен және концессионерлермен кездесу өтті. Онда БАКАД жобасының таныстырылымы өткізіліп, тендерлік процедуралардың негізгі шарттары түсіндірілді. Барлық дайындық шаралар жүргізілуде, олардан кейін тендер өткізілетін болады. Олар аяқталысымен, құрылыстар 2014 жылы басталады деп үміттенеміз. 

Жүргізуші - Келесі сұрақ Серіктен: «Сәлеметсіз бе, «Астана-Қарағанды» және БАКАД жолдарының құрылысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) сызбасы пайдаланылатын болады ма? Қолданылса, инвесторларға өтемақылар қашан төлене бастайды? 

 - Қазір біз жергілікті атқарушы органдармен, жекеменшік компаниялармен көліктік инфрақұрылым бағдарламасы шеңберінде МЖӘ жобаларын енгізуді, оларға қаржы құю мәселесін қарастырудамыз. Қазір сараптамалар өткізілуде. Олар аяқталысымен нақты сандарды, қанша МЖӘ жобалар салынатындығын, жеке қаражаттар есебінен қанша автовокзалдар, автостансылар салынатындығын айта аламын. 

Жүргізуші - Даниярдан сұрақ: «Қайырлы күн, Алматы мен Астана қалаларында болашақта пайда болатын жеңіл рельсті көліктер (ЖРК) жолаушыларды тарта алады деп ойлайсыз ба? Астанада тағы екі автовокзал не үшін салынбақ? 

 - Автовокзалдардың құрылысына тоқталатын болсам, бұл заман талабы. Бір кездері Астанада 500 мың халық болды, олардың саны жыл санап артып келеді. Қазіргі инфрақұрылым жеткіліксіз бола түсуде. Екі автовокзал бүгінде қажетті, себебі жыл сайын жолаушылар ағыны 5-10 пайызға артып отыр. Екіншіден, ЭКСПО-ның өтетіндігін білесіздер, оған қонақтардың үлкен саны келеді деп күтілуде. ЖРК бойынша – бұл тұрақты жылдамдық режимінде қозғалатын көлік, бұл қала ішінде жүрген автобустардан 2 есеге жылдам. Тағы бір артықшылығы - жолаушылар сыйымдылығының жоғарылығы. Бүгін олардың құрылысы бойынша мәселе қарастырылуда. ЖРК-ның тағы бір ерекшелігі олардың экологияға, ауаға зияны жоқ. Бұл Астана мен Алматы сынды үлкен қалаларға қажет көліктер. 

Жүргізуші - Яғни ЖРК кептелістерді тудырмайды ғой? 

 - Олар эстакадада немесе жолдан шеткері салынады. Сондықтан кептелістермен проблемалар болмайды. ЖРК жолаушылар ағынын жеңілдететін болады. 

Жүргізуші - Келесі сұрақ өз ұсынысымен шығып отырған «ҚазРР» компаниясынан. «Құрметті Асқар Қуанышұлы, Астанада қолданыстан шыққан шиналарды қайта өңдеу бойынша ерекше өндіріс жұмыссыз тұр. Резеңке үгіндісін асфальтты-бетонның физикалық-механикалық қасиетін жақсарту үшін пайдалануға болар еді. «КазЖолҒЗИ»-дің барлық оң қорытындылары, ведомстволарыңыздың Жол комитетінің қолданыс үшін ұсыныстары бар. Үш жыл бұрын біз үш облыста экспериментті негізде үш жол учаскесін салдық. Оның нәтижесі бойынша жолдарды жабу үшін модификацияланған резеңке үгінділерінің пайдаланылуымен асфальтты-бетонның мемлекеттік стандарты енгізілді. Олар қазір қолданылмай отыр. Неліктен? 

 - Уақыт үздіксіз алға жылжуда. Жаңа технологиялар пайда болу үстінде. Бұл материал жаңа технологиялар, қазір анағұрлым қызықты, анағұрлым сапалы, анағұрлым тиімді әрі арзан жаңа технологиялардың пайда болуымен жол саласында қолданылмайды. Олар өздерін танытты. Дегенмен, бұл үгінділер өзге өндірістерде, халық тұтынатын тауарларда қолданылуда. Одан корттар, футбол алаңдарын салуда. Алдағы уақытта бұл кәсіпорын өзінің бағытын табады деп ойлаймын. 

Жүргізуші

- Біздің және пайдаланушыларымыздың сұрақтарына жауап бергеніңіз үшін рахмет. Одан арғы қызметіңізге сәттілік тілеймін.

Ал мен – Гүлнәз Қалыбекова сіздермен қоштасамын. Келесі көріскенше! 




Яндекс.Метрика