Жалпыға бірдей еңбек қоғамы

Астанада «Еңбек адамы» байқауының жеңімпаздары марапатталады

Астанада жұмысшы жастар арасындағы «Еңбек адамы» байқауының жеңімпаздары марапатталады.
Астана қаласы24 Қыркүйек , 15:03

«Жұмысшы жастар арасындағы «Еңбек адамы» байқауына Қазақстанның әр өңірінен шамамен жүз шақты өтініш келіп түсті. Солардың арасында жүзден жүйрік шыққандар Астанада марапатталатын болады», - деп хабарлайды «Қазақстанның жұмысшы және ауыл жастары қауымдастығы» КҚ.

Алты аталым бойынша кен-химия, металлургия, мұнай-газ, құрылыс, машина құрылысы мен көлік жүйесі саласының жас жұмыскерлері бақ сынасты. Қатысушылар ұйымдастыру комитетіне анкета-өтініш, жұмыс орнынан мінездеме және «Мен және менің жұмысым» тақырыбында өзі туралы таныстырылым тапсыру талап етілді.

Сонымен қатар, қазылар үміткерлерді жергілікті өңірлердің дамуына қосқан үлесі бойынша да бағалады. Одан бөлек өзінің жұмысына деген адалдығы, ұйымдастырушылық және коммуникативті қабілеттері, жеке бас жетістіктері, марапаттары мен бастама ұсыныстарының болуы және шығармашылық қызығушылықтары да ескерілді.

Шара Еңбек күні қарсаңында биылғы жылдың 25 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өтеді. Жеңімпаздарды атақты қоғам қайраткерлері, депутаттар, мемлекеттік орган өкілдері, шығармашылық зиялылар, журналистер марапаттайды. Шараның ресми бөлімінен кейін мерекелік концерт өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің соңғы жексенбісіне түсетін жаңа мереке – Еңбек күні 2013 жылдың қараша айында бекітілген еді. Ондағы мақсат – жұмысшы еңбегін ынталандыру, осы мамандық түрлерін жастар арасында насихаттау мен Мемлекет басшысының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру идеясы аясында жұмысшылар әулетінің көпжылдық дәстүрлерін нығайту болып табылады. Аталмыш мереке биыл алғаш рет еліміздің әр өңірінде тойланады.




Яндекс.Метрика