Чех кәсіпкерлері Астананың инвестициялық тартымдылығына қызығушылық танытуда

Прагада «Чехия-Қазақстан іскерлік ынтымақтастық» семинарында Чехияның жүзден аса кәсіпкеріне Астананың даму әлеуеті мен инвесторларға жасалатын қолдау жөнінде кеңінен хабарланды .
Әлемде24 Қыркүйек , 09:48

Олар үшін қазақстандық делегация Астананың инвестициялық мүмкіндіктері туралы таныстырылым өткізді.

Прагадағы іс-шарада Астананың даму қарқыны мен Елордадағы инвестициялық қызмет жүргізудің бәсекелестік басымдықтарына баса назар аударылды.

««Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы әкімшілігінің басшысы Медер Мәселовтің айтуынша, Қазақстан Ресей мен Беларуссиямен бірігіп Кедендік одақты құрғалы бері Астана 170 млн. халқы бар нарықта қосымша салықсыз қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болды. Медер Мәселов «Астана – жаңа қала» АЭА аумағында бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлардың жасалғанын, соның ішінде салық төлеудің жеңілдетілген түрі мен еркін кедендік аймақ, жер учаскелері мен инженерлік желілерді пайдалану мүмкіндіктерінің берілгенін тілге тиек ете келе, әлеуетті инвесторларды арнайы экономикалық аймақтың жобаларына инвестиция құюға шақырды», - деп хабарлады қала әкімдігі.

Атап айтқанда, мемлекеттік-жеке меншік серіктестігін дамыту концессиясының ортақ тұстарына және еуропалық «ақылды» қалалар тәжірибесіне негізделген «Smart Astana» жобасын дамыту моделі туралы баяндап берді.

Кездесу барысында Чехия кәсіпкерлері Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы жөнінде және Астана қаласының инфрақұрылымының «EXPO–2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындығы туралы танысты.

Семинар соңында чех іскерлік қауымдары республикада бизнес жүргізу мен инвестиция тартуға ыңғайлы жағдайлар жасауға бағытталған Қазақстан билігінің әрекетіне жоғары баға берді.

Атап өту керек, Чехия Үкіметі 2009 жылы Қазақстанды Чехияның анағұрлым әлеуетті 12 сауда серіктестері тізіміне енгізген болатын. Бұл шешім чех үкіметінің сыртқы экономикалық қызметтің орталығын шығыс нарықтарына икемдеуге бағытталғанын аңғартады. 




Яндекс.Метрика