Инфрақұрылымды дамыту

ҚР ККМ-де жолаушыларға қызмет көрсету стандарттарын сақтау мәселелері жөнінде әуежай және авиакомпаниялар басшыларымен жиын өтті

ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде әуежай және авиакомпаниялар басшыларымен жолаушыларға қызмет көрсету стандарттарын сақтау мәселелері жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізілді. Мәжіліс барысында ҚР ККМ Азаматтық авиация комитеті елдегі 6 әуежайдың тексерілу қорытындысымен, оның ішінде Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Ақтау және Қарағанды әуе айлақтарын тексеру қорытындыларымен таныстырды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Астана қаласы12 Қыркүйек , 17:44

Ескертулердің қатарында – әуежайлар мен авиакомпаниялар қызметтерінің арасындағы нақтылы өзара қимыл-әрекеттің  жоқтығы, кезектердің көптігі мен тіркеу орындарындағы қызметкерлер санының жетіспеушілігі, бірталай сервистік қызметтерді, атап айтқанда вокзал маңында багаж тасуға жоларба берілмеу, дәріхана болмау және жүк сақтау камераларына жеткізуді атқармау сияқты мәселелер айтылды.

Мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасалмағанына айрықша назар аударылды (кезексіз тіркеуден өтіп, бортта орналастырылу мүмкіндігі, кедергісіз терминалға кіру және онда жүру мүмкіндігі және т.б.). Айталық, Атырау әуежайында тіптен пандустар жоқ, автобустар қоларбада отырған адамдарды тасымалдауға арналмаған, ал Ақтөбе әуежайында мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін жарақталған тұрақ жоқ. Астаналық әуежайда ондай тұрақ қарастырылғанмен, ол такси және басқа көлік құралдары көп болғандықтан бос болмайды, орнатылған шлагбаум пандусқа кіруге кедергі жасап, қолайсыздық тудырады. 

Әуежай басшыларына барлық ескертпелерді жою шаралары жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Естеріңізге салсақ, жолаушыларға қызмет көрсетудің жаңартылған ережелері ағымдағы жылдың қаңтарында қабылданған болатын және қазіргі уақытта барлық әуежайлар мен авиакомпанияларға міндетті болып есептеледі. Азаматтық авиация комитеті (ААК) аталған ережелердің сақталуын тексеруді ағымдағы жылғы тамыз айының басында бастаған болатын.

Кеңес барысында тағы басқа мәселелерге назар аударылды. Айталық, әлеуметтік желілерде багаждың ашылуы және ондағы мүліктердің бүлінуі жөніндегі мезгіл-мезгіл арыз айтылуы жайына тоқталды. Бұл жағдайды түпкілікті шешу үшін әуежай басшыларына авиациялық қауіпсіздікті сақтау қызметінің деңгейін арттыру, оның ішінде багажды тиеумен шұғылданатын  қызметкерлердің бақылау жұмысын ширатуды тапсырды.

Ұсыныстар мен тапсырмалар авиакомпанияларға да берілді. Біріншіден, бортта қызмет етушілерді қосымша оқыту, оның ішінде стресске төзімділік, жолаушылардың ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерін алдын алу және тыю, екіншіден, ағымдағы жылдың соңына дейін жолсеріктердің арасында мемлекеттік тілді білу деңгейін тексеру мақсатымен тестілеуді өткізу. Ұшақта шылым шегу және тәртіп бұзушылықты ұйымдастырған жағдайда қатаң шаралар қолдану тапсырылды.  

Сонымен қатар ақпараттық және қызмет көрсетуді одан әрі жетілдіру қажеттігіне назар аударылды. Оның ішінде билет алудан бастап әуе кемесінде көрсетілетін қызмет түрлері, олардың мемлекеттік тілде сапалы қамтамасыз етілуіне дейін айтылды. Авиакомпанияларға әуе кемесінде және әуежайларда автоматтық аудиоинформаторларды жұмысқа қосу мүмкіндіктерін қарастыру тапсырылды.

Сонымен қоса күзгі-қысқы навигацияға әзірлену және рейстердің кешіктіріліуін барынша қысқарту мәселелері де әңгіме өзегіне айналды. Авиакомпанияларға ұшу кестесіне  түзетулер енгізу, жолаушыларға өздерін тіркеуге мүмкіндік беретін тіркеу орындарын орнату, авиабилеттерді асырып сату фактілерін жою және тіркеу орындарындағы қызметкерлер санын көбейту тапсырылды.

Естеріңізге салсақ,  биылғы жылы азаматтық авиация заңнамасына енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес рейстердің кешігуіне байланысты тиісті қызметтер атқарылмаған жағдайда кінәлі тарапқа (әуежай немесе авиакомпания) бірінші жолы 200 АЕК, ал қайталанған жағдайда 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады.




Дерекнама

Яндекс.Метрика