Ұлттың денсаулығы

Күрделі кардиохирургиялық операцияларды жасауға мемлекеттік бюджеттен 1,2 млн теңгеге дейін бөлінеді

Бір ғана кардиохирургиялық операция мемлекетке шамамен 800 мың мен 1,2 млн теңгеге түседі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмек ұйымдары департаменті директоры Гүлнар Құлқаева мәлімдеді.
Астана қаласы29 Тамыз , 17:36

«Бүгінгі таңда әр өңірде өзара байланысты кардиохирургиялық орталықтарға иелік етуіміздің арқасында 10 мыңнан астам пациентке жыл сайын стентирлеу қызметі көрсетіледі. Оның мемлекетке жүктейтін шығыны шамамен 800 мың теңге мен 1,2 млн теңге аралығында», - дейді.

Сонымен қатар, Г.Құлқаеваның айтуынша, жыл сайын шамамен 3 мың пациент республикалық бюджет есебінен осындай қызметті тұтына алады.  

«Бұдан бөлек аортокоронарлық шунтирлеу операциясы бар. Жыл сайын шамамен 2 800 науқас осы қызметке қол жеткізе  алады. Бұл операцияның құны 1 млн 800 мың мен 2 млн теңге аралығында ауытқиды. Осыған қатысты барлық тиісті медициналық көмектерді мемлекеттік бюджет өз мойнына алады», - дейді.

Айта кету керек, Ұлттық кардиохирургиялық орталық Орта Азия өңірінде алдыңғы қатарлы орын болып табылады және заманауи кардиохирургияның барлық бағыттарының басын қосады.

Индира Қауметова




Яндекс.Метрика