Халықаралық интеграция

Астанада «Ядролық соғысты алдын алуды әлем дәрігерлері қолдайды» дүниежүзілік конгресіне 50-ден астам елдің делегаты жиналды

Бүгін Астанада «Ядролық соғысты алдын алуды әлем дәрігерлері қолдайды» (IPPNW) халықаралық қозғалысының 21-інші дүниежүзілік конгресі өз жұмысын бастады. Елордадағы Тәуелсіздік сарайында әлемнің әр елінің дәрігерлері бас қосты. 21-інші конгресс жұмысына әлемнің 50-ден астам елінің 500-ге жуық делегаттары ат басын бұрды. Олардың арасында медиктер, халықаралық ұйым, антиядролық қозғалыс пен үкіметтік емес ұйым өкілдері, атақты саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері және сарапшылар бар.
Нұр-Сұлтан27 Тамыз , 10:18

«Аталмыш форумның Қазақстанда өтіп жатқанының да өзіндік мәні жоқ емес. Өйткені Қазақстан бір кездері ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, бүгінгі таңда ядролық қарусыздану бойынша әлемдік көшбасшы болып саналады. Біз Семей полигонын жаба отырып әлемдегі қуаттылығы жағынан төртінші ядролық қарудан бас тарттық. Дәстүр бойынша елімізде 29 тамыз ядролық қарусыздану күні ретінде аталып өтіледі. Форумның өткізілуі осы орайда ядроға қарсы еркін әлемнің құрылуы жолында дәрігерлердің таңдауының дұрыстығына сенім бере түспек. Сонымен қатар, алдағы уақытта осы бағыттан айнымау қажет. Осы үрдіс сақталады деп үміттенеміз. Барлығыңызға жемісті еңбек, әлемде бейбітшілікті сақтау жолында атқарып жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», - деп жеткізді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Айта кету керек, Конгресс 4 кезеңмен өткізіледі: 14 тамызда Семей қаласынан бастау алып 24 тамызда Астанада мәресіне жеткен «Біз – қарсусыздануды, ядросыз әлемді және денсаулықты қолдаймыз» ұранымен өткен әлемнің 8 елінің жас дәрігерлері, шетелдік және қазақстандық медик студенттердің велошеруі басталды. Сонымен қатар 25-26 тамызда «Астана медицина университеті» АҚ базасында медик студенттердің халықаралық Конгресі өтті. Негізгі Конгресс 27-29 тамыз аралығында Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтуде. Ал 30 тамызда шара делегаттары Семей қаласына аттанады.

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылдың қараша айында «Ядролық соғысты  алдын алуды  әлем  дәрігерлері қолдайды» халықаралық қозғалысы –Нобель бейбітшілік сыйлығы иегерінің тең құқылы президенттері ҚР Президенті Н.Назарбаевқа 2014 жылдың 25-30 тамызы аралығында Қазақстанда 21 Дүниежүзілік Конгресс ұйымдастыру туралы өтініш айтып, оң жауап алған еді.

Өз кезегінде аталмыш халықаралық қозғалыс 1980 жылдың желтоқсан айында құрылған еді. Оны құрған Гарвард қоғамдық денсаулық институтынығң американдық кардиология профессоры Б.Лаун мен Ресей кардиологтары Е.Чазов және Л.Ильин.

Индира Қауметова




Яндекс.Метрика