Халықаралық интеграция

Минскіде КО елдері көшбасшылары, Украина және ЕО өкілдерінің кездесуі өтті

Кездесуге Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Украина Президенті Петр Порошенко және Еуропалық Одақ өкілдері – Еуропалық комиссия төрағасының орынбасары Кэтрин Эштон, энергетика мәселелері жөніндегі комиссар – Гюнтер Эттингер және сауда мәселелері жөніндегі комиссар Карел Де Гюхт қатысты, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Әлемде27 Тамыз , 09:16

Кездесуге қатысушылар Украина мен Еуропалық Одақ арасында жасалған Қауымдастық туралы келісімді орындау мәселелерін, сондай-ақ Донбастағы жағдайды тұрақтандыру жолдарын талқылады. 

Қазақстан Президенті мұндай кездесу өткізудің маңыздылығы мен қажеттігін айтты.

«Украинадағы ахуал бір елдің аясынан әлдеқашан асып, халықаралық ауқымға шығып, қатерлі шекке жетті. Жағдайдың бұдан әрі ушығуы өңірлік қана емес, жаһандық ауқымдағы болжаусыз салдарларға соқтыруы мүмкін, бұл бүкіл әлемге қауіпті», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев алға ілгерілеу үшін шешім қабылдаудағы жауапкершіліктің маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысы біздің еліміз Украинаның шығысындағы гуманитарлық апатты кідіріссіз шешуге шақыратынын хабарлады.

«Қазір ең алдымен Украинаның зардап шеккен халқына ауқымды гуманитарлық көмек көрсетуді қамтамасыз ету керек. Ресей Федерациясы көмек көрсетуді бастап кетті. Бұл үдеріске Кедендік Одақ, ТМД елдерін қоса алғанда, халықаралық ұйымдар қатысуға тиіс. Біздің еліміз өз тарапынан, соның ішінде Қызыл крест және жарты ай қоғамының қазақстандық бөлімшесінің желісі бойынша қолдан келетін барлық көмекті көрсетуге әзір. Бұл ұйым сондай-ақ өзге мемлекеттердің гуманитарлық жүктерін жеткізуде бейтарап делдал бола алады. Жалпы алғанда, бүгінде Украинаға гуманитарлық көмек жеткізу ісін жіті халықаралық бақылауды қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан мен қақтығысы отырған тараптарды зардап шеккен адамдарға көмек көрсету кезінде бітім жариялауға шақырамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті жанжалды ушықтырмау және дағдарыстан шығудың күш қолдану амалдарынан бас тарту қажеттігін атап өтті.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев санкциялық текетіресті доғарудың маңыздылығын айтты.

Мемлекет басшысы барша халықаралық қоғамдастықтың толыққанды көмегі Украинаның тек оңтүстік-шығысына ғана емес, бүкіл Украина экономикасына қажет екенін айтты.

Бұған Украинаның Батыстағы да, Шығыстағы да көршілері қатысуы тиіс. Ол бұл елдегі әлеуметтік-экономикалық коллапсты еңсеру үшін өте маңызды. Апаттық ахуалды еңсеру үшін арнаулы халықаралық штаб немесе Украина экономикасын қолдау қорын құру мәселесін ойластыруға да болады.

Мемлекет басшысы кездесуде Украина мен ЕО арасындағы қауымдастық туралы келісімшартты талқылау ниетін Қазақстанның құптайтынын мәлімдеді.

«Бұл құжат көршілердің, соның ішінде Кеден одағының мүдделерін барынша ескергені маңызды. Осы орайда біз ашық диалогты құптаймыз және пікір алмасуға дайынбыз», – деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қалыптасқан жағдайда барлық тараптан кезең-кезеңді, жауапты қимыл талап етілетінін айтты.

Қазақстан Президенті бұл кездесу өңірдегі ең ауқымды дағдарысты еңсерудің оңтайлы жолын табу үшін бірегей мүмкіндік екеніне назар аудартты.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев басталған диалог Украина мен жалпы өңірдегі ахуалды тұрақтандыруға қызмет етеді деген үмітін білдірді.




Яндекс.Метрика