Мәдениетті жаңғырту

Астанада Сәрсенбай Әлиевтің жеке көрмесінде 25 туынды ұсынылды (ФОТО)

Бүгін Қазақстан Республикасы Конституциясы күні қарсаңында Тәуелсіздік сарайында қазақстандық қылқалам шебері Сәрсенбай Әлиевтің шығармашылық көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Нұр-Сұлтан 26 Тамыз, 17:48

Сарай холлында соңғы 2-3 жылда суретшінің салған 25 туындысы қойылған. Атап айтар болсақ, оның ішінде «Түйелі бала», «Атаның қолы», «Екінті», «Дала жолы» секілді үздік туындылары бар. Суретші жұмыстары өзінің туып өскен батыс Қазақстар жерінің табиғатымен үндесетіні айқын көрінеді. Сонымен қатар, онда қыр қазағы мен Каспий теңізі бойын жайлаған елдің болмысы ашылған.

«Негізінен менің еңбектерімнің көпшілігінде бала күннің арманы мен балалық шақтың тұрмыс-тіршілігі анық аңғарылады. Менің балалық шағым Қазақстанның батыс өңірінде өтті. Ол жердің табиғаты өнерге қуат берер бірден бір өңір. Менің сол бала күнгі естеліктерім бүгінгі шығармашылығыма арқау болып отыр», - дейді қылқалам шебері.

С.Алиев 1954 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданында дүниеге келді. 1978 жылы Алматыдағы Орал Таңсықбаев атындағы училищені, 1985 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Алматы Мемлекеттік театр-өнер институтын тәмамдады. Ал 1986 жылы өзінің еңбек жолын Алматыдағы «Мелодия» студиясында шығармашылық редактор қызметінен бастады. 1987 жылдан бастап оның шығармашылығы ерекше қарқынға ие болды. 1980 жылы ҚР Суретшілер кеңесінің мүшелігіне қабылданды.

Суретшінің айтуынша, оның шығармашылығына Ә.Қастеев өнерінің ерекше әсері болған.

«Менің шығармашылығыма белгілі бір деңгейде атақты суретші Әбілхан Қастеевтің әсер еткені анық. Өйткені мен де сол кісі секілді туған өлке табиғаты мен ондағы халықтың болмысын, тұрмысы мен әдет-ғұрпын бейнелеуге құштармын. Мысалға, менің 9 туындым Махамбет бейнесіне арналған», - дейді суретші.

Айта кету керек, 2002 жылы Атыраудағы облыстық өнер музейінде суретшінің алғашқы жеке көрмесі өтті. 2003 жылы Алматыдағы «Ұлар» галереясында шебердің мерейтой көрмесі өтті. Ал міне, 2014 жылы елордада көпшілікке өз өнерін паш етпек.

Бүгінгі таңда қылқалам шебері Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің кәсіби оқыту кафедрасының аға оқытушысы болып табылады. 2013 жылы Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласы үздігі» медалімен марапатталды.

Индира Қауметова





Яндекс.Метрика