Үкімет

ҚР Үкіметі отырысында Моноқалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру барысы қаралды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында 2012-2020 жылдарға арналған Моноқалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Казахстан10 Қыркүйек , 09:47

С.Ахметов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында бұл бағдарламаның былтыр қанатқақты жоба ретінде іске қосылып, биыл толық көлемде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

2012-2020 жылдарға арналған Моноқалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асырудың барысы туралы Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев баяндады.  
                              
Оның айтуынша, 27 моноқалада 1,53 млн. адам, яғни республика қалалары тұрғындарының 16,8%-ы тұрады. 6 қала жоғары, 19 қала орташа әлеуетке ие. 
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, шағын қалалардың проблемалық мәселелерін жүйелі шешуді көздейтін бағдарлама өткен жылы басталған болатын. Бұл мақсатқа 6 млрд. теңге бағытталып, 170 жоба орындалды. Ағымдағы жылға қарастырылған 18,8 млрд. теңгенің 10 миллиарды немесе қарастырылған қаржының 54%-ы бөлінген.

Бағдарламаның мақсаты «моноқалалар экономикасын әртараптандыру, халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешу, жаңа өндірістер құру» екенін атаған Қ.Өскенбаев оның бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, мұның қатарына тұрақты жұмыс істейтін кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндігіне қарай моноқалаларды оңтайландыру, ШОБ дамыту, еңбек ресурстары оңтайлылығын арттыру, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту мәселелері енеді. 

«25 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны құрылатын және жалпы инвестиция көлемі 950,0 млрд. теңгеден астам 47 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған»,-деген министрдің орынбасары, осыған байланысты оны орындау әкімдердің жеке жауапкершілігіне жүктелетінін атап көрсетті. 

Ол сондай-ақ, өткен жылы Теміртауда Атырау, Маңғыстау, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктері, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ӨзенМұнайГаз» АҚ, «Қазмырыш» ЖШС, және «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «Теңізшевройл» ЖШС басшылықтары арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумдар жасалғанын хабарлады. Осынау құжатқа Жамбыл облысы әкімдігі мен «Қазфосфат» ЖШС арасында да қол қойылды. 

Қ.Өскенбаевтың айтуынша, шағын және орта бизнесті дамытуға 2013 жылы қаралған 4,7 млрд. теңгенің 1 миллиардтан астамы игерілген. ШОБ мемлекеттік қолдау тетіктері қатарына несиелер, қайтарымсыз гранттар, кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды жүзеге асыру шаралары енеді. Барлық моноқалаларда Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары құрылған. Үстіміздегі жылы мамандар даярлауға республикалық бюджеттен 28 млн. теңге қарастырылып отыр. 

Вице-министр кәсіпкерлікті қолдаудың теңдессіз шаралары ретінде кәсіпкердің 14 пайызбен алатын несиесінің 10 пайызын бюджеттің субьсидиялайтынына, яғни кәсіпкердің несиенің 4 пайыздық айырмасын ғана төлейтініне айрықша тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар, моноқалалардағы ШОБ-ны қолдау үшін бөлінген қаржы игерілмей қалған жағдайда оны есепке ала отырып, кәсіпкерлерді несиелеу шарттарына өзгерістер енгізілетін болады. 

Қ.Өскенбаевтың хабарлауынша, «инвестициялық жобалар шеңберінде моноқалаларды жайғастыруға 2013 жылы 6,3 млрд. теңге, ағымдағы шараларға 6,6 млрд. теңге бөлінеді. 2015 жылға дейін моноқалалардағы барлық апатты үйлер мен ғимараттарды бұзып, ысыру көзделген». 

Шағын қалалардағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы туралы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Н.Сауранбаев, Батыс Қазақстан облысы әкімі Н.Ноғаев, Қарағанды облысы әкімі Б.Әбдішев, моноқалалар-Жітіқараның әкімі А.Жорабеков, Қаратаудың әкімі Қ. Мақашев баяндады. 

Отырысты қортындылай келе, Премьер-Министр Мемлекет басшысының өңірлерді дамыту, өндірістерді жаңғырту, экономиканы әртараптандыруға айрықша көңіл бөлетінін атап өтті. 

«Моноқалаларда дағдарыс жағдайында экспорттық әлеуеті төмендеуге ұшыраған тау-кен, металлургиялық өндіріс орындары шоғырланған», деген С.Ахметов, осыған орай әкімдерге «олардың іс-әрекеті инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталуы қажеттігін, сонда тиісінше, бағдарламаның негізгі бағыттары - экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құруға көңіл бөлінетіндігін» атап көрсетті. 

С.Ахметов бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жұмыстарға өзгерістер енгізу қажеттігін атай келе, ӨДМ-ге өңірлер әкімдерімен бірлесіп бағдарламаға тиісті өзгерістер енгізу бойынша лайықты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Моноқалалар мен облыстар әкімдеріне қалаларды әртараптандыру бойынша, перспективалы инвестициялық жобаларды, сондай-ақ жергілікті өндірушілердің ұзақ мерзімді тапсырыстарын қамтамасыз ететіндей жүйе құраушы кәсіпорындармен бірлескен әріптестік бағдарламаларды пысықтау қажет,-деген Үкімет басшысы, «Сондай-ақ бағдарлама шеңберінде бөлінген бюджеттік қаржының мерзімінде игерілуі қамтамасыз етілуі тиіс», деп сөзін түйіндеді.
 




Яндекс.Метрика