Мәдениетті жаңғырту

10 жыл ішінде Тұңғыш Президент музейінде 150-ден астам көрме өтті

Тұңғыш Президент музейінде ашылғаннан бері 154 көрме ұйымдастырылса, соның 26-сы көшпелі көрмелер. Бұл туралы Тұңғыш Президент музейінің 10 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінің директоры Алма Сағынғали мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан25 Тамыз , 14:32

«Аз ғана уақыт ішінде біздің музей айтулы шараларға ат салысып, ауқымды көрмелер мен мәдени шараларды ұйымдастырды. Біздің бастамамызбен қолға алынған 6 ірі жоба, соның ішінде «Мәдениет арқылы диалог» халықаралық жобасы, шығармашылық жастарды қолдау жобасы мен өзге де шаралар өңіраралық және халықаралық деңгейдегі әріптестікті нығайтуда үлкен мәнге ие болды. Тұңғыш Президенті музейінің ашылғанынан бері 154 көрме ұйымдастырылса, соның 26-сы көшпелі көрмелер», - дейді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінің директоры Алма Сағынғали.

Айта кету керек, Тұңғыш Президент музейі өз қызметінің негізі ретінде Н.Ә.Назарбаевтың бастамаларын насихаттау, теңдессіз мемориалды материалдарды сақтау мен еліміздің қалыптасу және даму кезеңдерінің жәдігерлерін сақтау міндетін қойған.

А.Сағынғалидің айтуынша, музей экспозицияларында Қазақстанның тәуелсіздік кезіндегі дәуірі, ұлт көшбасшысының өмірі мен қызметі, жас елорданың қалыптасу тарихы бірыңғай тарихи процесс ретінде таныстырылған.

«Ғимараттың өзінің мемориалдық негізі Президенттің Астанадағы бірінші резиденциясы қызметін атқару ісін де қатар алып келеді. Осы ғимарат Президенттің халықаралық деңгейдегі айтулы кездесулердің өткен жері ретінде танымал», - дейді музей директоры.

Индира Қауметова




Яндекс.Метрика