Парламент

Қостанай облысынан Сенат депутаттығына 4 үміткер ұсынылды

Өздеріңізге де белгілі, 2014 жылдың 1 қазанында ҚР Парламенті Сенатының сайлауы өтеді. Әр облыстан 2014 жылдың 9 желтоқсанында өкілеттігі бітетін сенаторларды алмастыратын бір-бір адамнан сайланады. Қостанай облысынан бүгінгі таңда 4 үміткер ұсынылып отыр. Бұл туралы Strategy2050.kz агенттігіне берген сұхбатында облыстық аймақтық сайлау комиссиясының төрайымы Антонина Маркова мәлімдеді.
Қостанай25 Тамыз , 11:26

«Бүгінгі таңда ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына 4 үміткер тіркелді», - дейді облыстық аймақтық сайлау комиссиясының төрайымы Антонина Маркова.

Оның айтуынша, үміткерлердің бірі Қостанай облысы әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов.

«Оны ұсынып отырған Әулиекөл мен Қостанай аудандық мәслихатының депутаттары. Қалғандары өздерін өздері ұсынушылар. Атап айтар болсақ, олар облыстық аурухана дәрігері Темірхан Бегісбаев, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры Асқар Жаркенов және Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры Тілеген Ахметов», - дейді.

Сонымен қатар, өздерін өздері ұсынушылар саны өте көп. Алайда оларға кедергі болып отырғаны төленетін жарна. Жалпы, оның айтуынша, үміткерлікке ілінгісі келетіндердің 2014 жылдың 31 тамызына дейін уақыттары бар.

Естеріңізге сала кетейік, 11 қыркүйектегі ресми тіркеуден кейін үміткерлердің үгіттеу жұмыстарын жүргізу үшін және транспорттық шығындарға республикалық бюджеттен 395 000 теңге бөлінеді. Соның ішінде теледидардан 15 минут сөйлеуге 115 000, радиодан 10 минут сөйлеуге 60 000 және басылымды БАҚ пайдалануға 105 000 теңге қарастырылған.

Мадина Нұрбекова




Яндекс.Метрика