Экономикалық және сауда дипломатиясын дамыту

Н.Назарбаев пен Си Цзиньпин бірлескен брифинг өткізді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен брифинг өткізді.
Астана қаласы07 Қыркүйек , 17:17

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастарда айтарлықтай табыстарға қол жеткізілгенін атап өтті.

– Біз ортақ шекараны бекіттік, сауда айналымының көлемін ұлғайттық. ҚХР-дың Қазақстанға салған инвестициясы 20 млрд. долларға жетті. Бұл – біздің экономикамызға инвестиция салудан барлық шет елдердің арасында үшінші орын. Газ бен мұнай құбырлары құрылысын қоса алғанда, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. «Достық-Алашанькоу» және «Қорғас-Алтынкөл» теміржол өткелдерінің ашылуы біз үшін әлемдік нарыққа қолжетімділіктің аясы кеңейгенін білдіреді, теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ мемлекетіміз үшін мұның маңызы өте зор, – деді Мемлекет басшысы. 

Қазақстан Президенті сапар барысында жалпы құны 30 млрд. долларға жуық 22 келісімшартқа қол қойылатынын атап өтті.

– Біз Қазақстанға қажетті мұнай өңдейтін зауыт құрылысы туралы уағдаластық. Үлгілі-тәжірибелік шаруашылық құру жоспары бойынша аграрлық саладағы ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткіздік. Көлік және коммуникациялар саласында келешектегі нысандар құрылысы талқыланды. Гуманитарлық саладағы, атап айтқанда, біздің студенттерді ҚХР-да және Қытай студенттерін біздің Университетте оқыту жөнінде бірқатар бағыттар қарастырылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы жоспардың бәрі тату көршілестік және бір-бірінің ісіне араласпау шартымен жүзеге асырылатыны атап өтілді. Мемлекет басшысы Қазақстан Қытайды өңірлік қауіпсіздікке, экстремизмге, терроризм мен сепаратизмге қарсы күрес мәселелерінде қолдайтынын да атап өтті. Бұған қоса, Қазақстан Президенті еліміздің Ляньюньган порты арқылы Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі көлік инфрақұрылымына шығуы маңызды екеніне тоқталды.

– Осының бәрі елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін білдіреді. Қазіргі әлемдік экономиканың өзекті мәселелері талқыланған G20 саммитіне қатысқан біздер Санкт-Петербургтан енді ғана оралдық. Барлық ел Қытайдың қарқынды дамуы өзге елдердің тұрақтылығының кепілі екендігін бірауыздан мақұлдады. Сондықтан Қытай Халық Республикасын дамытудың қабылданған стратегиялық жоспары Қазақстан экономикасының да өсуіне септігін тигізетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз сөзінде Си Цзиньпин біздің елдің оны үлкен әсерге бөлегенін айтты.

– Бүгін біз Қазақстан Президентімен айтарлықтай нәтижелі келіссөздер өткіздік, екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін ашық әрі егжей-тегжейлі талқыладық. Халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселелерді де қарап, талқыланған барлық тақырып бойынша кең ауқымды түсіністікке қол жеткіздік. Стратегиялық серіктестікті нығайту жөніндегі бірлескен декларацияға бірге қол қойып, алдағы жылдардың бағдарын белгіледік, сондай-ақ елдеріміздің арасындағы тығыз қарым-қатынасты жалғастыратын болып шештік. Бұған қоса, екі ел арасындағы  сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың орта және ұзақ мерзімді бағдарламасында ауқымды экономикалық әрекеттестіктің нақты бағыттары қарастырылған. Мен өзара тауар айналымының көлемін 2015 жылға қарай  бірлескен күш-жігер арқылы 40 миллиард долларға дейін ұлғайта алатынымызға сенімдімін, – деп атап өтті ҚХР Төрағасы. 

Си Цзиньпин екі елдің энергетика саласындағы ынтымақтастығы өзара тиімді сипатқа ие екенін, ортақ күш-жігер жұмсау арқылы трансшекаралық мұнай және газ құбырларын тартуды жүзеге асыруға, энергия ресурстарын барлау, өндіру және өңдеу саласында кешенді өзара іс-қимылды арттыруға болатынын атап өтті.

Бұған қоса, ҚХР Төрағасы екі тарап өзара түсіністік негізінде екі елдің сенімінің деңгейін көрсететін трансшекаралық суларды пайдалану жөнінде келіссөздер жүргізетініне тоқталды. Туындаған мәселелердің барлығын екі тарап бірлескен комиссия аясында одан әрі де екі елдің мүддесі үшін шешіп отыратындығы, трансшекаралық өзендеріміздің достық пен ынтымақтастық өзендеріне айналатыны айтылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды: ҚР және ҚХР арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту туралы бірлескен декларация, ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктер ғимаратының құрылысына өзара жер учаскелерін беру туралы келісім, Ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану туралы ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы келісім,  Қорғас өзеніндегі бірлескен «Достық» су торабын басқару және пайдалану туралы ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы келісім, Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамытудың орта және ұзақ мерзімді бағдарламасы (2020 жылға дейін), Қазақстан Республикасы индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Қытай Халық Республикасының энергетика жөніндегі мемлекеттік басқармасы арасындағы Көмірді кешенді өңдеу жобаларын жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ мен Ляньюньган қаласы Халық үкіметі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.




Яндекс.Метрика