Сыртқы саясат

Нұрсұлтан Назарбаев G20 саммиті аясында БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесу өткізді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев G20 саммиті аясында БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесу өткізді.
Казахстан06 Қыркүйек , 10:39

Қазақстан Президенті еліміз БҰҰ-ның бастамаларын әрдайым қолдай отырып, Ұйымның қызметіне белсене атсалысып келе жатқанын атап өтті.

«Біз бірлесіп ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау саласында көп жұмыс жасадық. Сондай-ақ, 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау жөніндегі бастамамызды қолдағаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Бұған қоса, біз «жасыл экономиканы» дамыту жөніндегі бағдарламаға белсене атсалысып, бұл бағыттағы жұмысты жалғастырудамыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Мемлекет басшысы Қазақстанның Алматыда БҰҰ-ның Өңірлік орталығын құру жөніндегі бастамасын атай келе, оның жұмысы үшін барлық жағдай жасалатынын мәлім етті.

Қазақстан Президенті халықаралық сипаттағы барлық проблема, әсіресе соғыс пен бейбітшілік мәселесі халықаралық құқық қағидаттарының негізінде және Ұйымның қатысуымен шешілуі тиіс екенін атап көрсетті.

Өз кезегінде Бас хатшы осы кездесудің өткеніне ризашылығын білдірді.

«Мен G20 саммитіне Қазақстанның шақырылуы елдің экономикалық дамуының табыстары мен жетістіктерінің сөзсіз мойындалуының және халықаралық беделінің артуының, сондай-ақ жаһандық экономикалық мәселелерді шешудегі мемлекеттің рөлінің дәлелі болып табылады деп есептеймін. Сіз Қазақстанды өңірлік қауіпсіздікте маңызды рөл атқаратын елге айналдырдыңыз және бұған Сіздің көшбасшылығыңыздың арқасында қол жеткізілд»і, – деді Пан Ги Мун.

Басхатшы Қазақстанды Мыңжылдық мақсаттары жетістіктерімен және бірқатар ауқымды экономикалық міндеттерді шешуімен құттықтады.   




Яндекс.Метрика