Ақылды экономиканы дамыту

Қазақстанның инновациялық жүйесі Орта Азияның басқа елдеріне үлгі бола алады - ЕО-ның Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі

Ағымдағы жылы 6-шы Астана экономикалық форуымы аясында өтетін Инновациялық конгресс жұмысын үйлестіруге белсенді қатысушылардың бірі - ЕО-ның Қазақстандағы Жетінші шекті бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Кәмила Мағзиева. Ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында шетелдің білікті мамандарының Қазақстанның ғылыми-технологиялық және инновациялық саясатына жүргізген сараптамасының қорытындысы және елімізде инновацияны енгізуде туындайтын проблемалық мәселелер туралы өз ойымен бөлісті.
Казахстан21 Мамыр , 00:00

- Кәмила Түсіпханқызы, сіз басшылық жасайтын ұйым Инновациялық конгресті ұйымдастыру ісіне атсалысуда. Осы жайында кеңірек тарқатып айтып берсеңіз.

- Ия, біз ағымдағы жылы Конгресс жұмысын ұйымдастыруға белсенді қатысудамыз. Оған қоса, жетінші Шекті бағдарлама арқылы Еуропалық комиссиямен тең қаржыландырылатын біздің IncoNet-CASC жобамыз Астана экономикалық форумындағы еуропалық технологиялар көрмесін ұйымдастыруда бастамашылардың бірі болып саналады. Бұл қазақстандық ұлттық компанияларға ЕО-ның үздік технологияларына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Бұл ЕО-ның алтыншы және жетінші шекті бағдарламалары барысында әзірленген технологияларды іріктеп, Қазақстанға жеткізудегі алғашқы тәжірибеміз.  Дәл қазіргі уақытта Еуропалық технологиялар нарығында жалпы 23000 технология орналастырылған. Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің көмегі арқасында қазақстандық ұлттық компаниялар осы нарықта пайдаланушылар үшін қолжетімді, сай келетін 42 технологияны іріктеп алды. Қазіргі уақытта барлық технологиялар бірдей сатып алу үшін қолжетімді емес екен. Сондықтан да біз көрмеге олардың тек 11-ін ғана орналастыру мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Көрмені жасақтау барысында біз ұсынылған технологиялардың қазақстандық нарыққа бейімділігін ерекше қаперге алдық.

- 2012 жылы сіз Қазақстанның ғылыми-технологиялық және инновациялық саясатына сараптама жүргізу үшін Австрия, Германия, Польша, Франция және Армения сынды елдерден ЕО-ның біліктілігі жоғары тәуелсіз сарапшыларын тарту ісіне қатыстыңыз. Осы жұмыстардың нәтижелері турасында айтып берсеңіз.

- Сараптама FP7 Ұлттық үйлестірушісі мен Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің тікелей қатысуымен әрі көмегімен жүзеге асырылды. Сараптама нәтижесі конгрестің жалпы сессиясында таныстырылатын болады. Жалпы, аталған жұмыстарға бастан-аяқ қатысқаннан кейін әрі біздің ұйым сараптама қорытындысының бөлігі болған  ел бойынша есепті әзірлегеннен кейін мен сіздердің назарларыңызға вице-премьер Әсет Исекешевке табыс етілген есептің бірқатар қорытындыларын ұсынғым келеді.

Біліктілігі өте жоғары сарапшылардың халықаралық тобы елде жоғары білім беру, ғылым, технология және инновация үшін қуатты негіз қалыптасқандығын ерекше атап өтті. қызметтің стратегиялық жоспарлары бірнеше ондаған жылға алдын ала әзірленген. Толықтай алғанда, көптеген іс тындырылды. Бірақ инновациялық экономика құру өте үлкен еңбекті талап ететіндігін, оған 15-20 жыл уақыт кетуі мүмкін екендігін қаперге алу қажет. Өте жылдам нәтижелер күтуге болмайды. Қазақстан Ұлттық инновациялық жүйелерді (ҰИЖ) дамытудың  орта және ұзақмерзімді перспективалық жоспарларына негізделген  тұрақты жүйе қалыптастыруды қадам-қадаммен біртіндеп жүзеге асыруы тиіс. ҰИЖ-нің барынша маңызды құрамдас бөлігі қазірдің өзінде қалыптасты. Ендігі уақытта өзара байланыс пен ынтымақтастықты бірінші кезекте ғылым мен бизнес арасында күшейту қажет. Инновация іргелі ғылымдармен біте қайнасып, сіңіріліп кетуі керек. Ғылыми-технологиялық және инновациялық дамуды жоспарлау ҰИЖ-нің бейімдік әлеуетін қарастыруы қажет.

Бірінші кезекте сарапшылар Үкіметтің, даму институттары және жергілікті атқарушы органдардың билігі мен ықпалын кеңейту әрі нығайтуда жүйелі жұмыстарды жалғастыруға кеңес береді.

Екіншіден, жылдам инновациялық дамудың маңызды аспектісі барынша дамыған елдерден технологиялар трансферттеу болып есептелінеді. Отандық өнімдермен қатар Еуропалық одаққа мүше алдыңғы қатарлы елдерден және әлемде беделді жетінші шекті бағдарламадан технологиялар трансферттеу Қазақстан дамуына қуатты серпін бере алады.

Үшіншіден, ЕО-ның Шекті бағдарламасына қатысуды ЕО-мен ғылыми-техникалық ынтымақтастық және еуропалық технологияларға қол жеткізу стратегиясы ретінде қарастырған орынды. Ал ЕО-ның Шекті бағдарламасында лайықты орын алу үшін Қазақстанда бағдарламаның ұлттық үйлестірушілерінің өте жақсы ұйымдастырылған желісі болуы қажет. Қазақстандық үйлестіру орталықтарының желісі ҚР Ұлттық инновациялық жүйесіне негізгі тұлғалар тартады. Дегенмен, лайықты дәрежеде қуатты емес. Яғни,  FP7 жобаларымен ғана қолдау көрсетеді. Бүгінгі таңда бұл желіге шынайы мемлекеттік қолдау көрсету қажет-ақ.

Толықтай алғанда Қазақстанның ұлттық инновациялық жүйесі дұрыс арнада дамып келе жатыр және де көптеген жағдайда Орталық Азия өңірінің басқа да елдеріне үлгі бола алады.

- Қазақстанда инновацияны енгізуде туындайтын қандай проблемалық мәселелерді атап көрсетер едіңіз?

- Ең алдымен бұл жергілікті жерлерде инновациялық үдерістердің мәні туралы түсініктің болмауда, инновацияны өнімнің тек қана айтарлықтай жақсаруынан айыра алмауда болып отыр. Бұған қоса инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау мен ынталандырудың да жетіспейтіндігі анық. Инновациялық бағдарламаларды жүзеге асырудың нақты тетігі жоқ, инновациялық жобаларға арналған мемлекеттік гранттар үшін салық салынады.

Үкімет инновациялық қызметті ынталандырудың түрлі тетіктерін, оның ішінде инновациялық өнімді бастапқы кезеңде-ақ барынша бәсекеге қабілетті әрі салыстырмалы түрде алып қарағанда қымбат емес жасайтын технологиялар үшін стандарттар мен ережелер қабылдауды қолдануы тиіс. Инновациялық үдерістерге мемлекеттік қолдау және ондай қолдаудың логикалық әрі иілгіш тетіктерін құру қажет. Сондай-ақ басымдықты инновациялық жобаларды жүзеге асыру бойынша мемлекеттік мақсатты бағдарламаларды қолдайтын заң нақты жазылуы керек. Жаңа өнімнің зертханадан өндіріске дейінгі үлгісін қамтитын инновациялық кластерлер құрылуы тиіс. Қазақстандық не болмаса бейімделген шетелдік компаниялар шығарған жаңа инновациялық өнімді дамытуға берілетін кез келген мемлекеттік грант жергілікті салықтан түбегейлі босатылған болуы қажет.




Яндекс.Метрика