Евразиялық одақ

ЕАЭО — өмірдің талабынан туған қадам – Ш. Саринов

Еуразиялық экономикалық одақ — өмірдің талабынан туған қадам. Көрші елдермен ынтымақтасып шара жүргізбей, көп мәселені шешу қиынға түседі. Алыс-беріс, сауда-саттықты әріптес елдермен дұрыс жолға қойғанда ғана шаруа оңға басады, деп Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шамиль Саринов өз пікірін білдірді.
Казахстан28 Шілде , 11:47

«Осы тұрғыдан алғанда Ресей, Беларусь елдерімен одақ құруымыз біздің ел үшін аса тиімді екеніне дау жоқ. Мұның алғашқы дәмін тата да бастадық. Қазір біздің дүкендерімізде осы әріптес елдердің тауарлары молынан тұр. Бұл бізге бір жағынан молшылық әкелсе, екінші жағынан еліміздің өз ішінде бәсекелестік туғызады. Сапалы тауар өндіруге, өнімді молайтуға итермелейді. Біздің өндіретін етіміз, сүтіміз, астығымыз осы аталған екі ел шығаратын өнімдерден кем болмауға, тіпті жоғары болуға тиіс», - деді Ш. Саринов.

Оның айтуынша, Қазақстанда  өндірілетін азық-түлік өнімінің айрықша сапаға ие екенін бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер ұмыта қойған жоқ. «Тек біздің елімізде, Елбасының атап көрсетіп жүргеніндей, сол өнімдерді өңдеп, ұқсататын орындар әлі де жетіспейді. Таяу жылдардағы біздің ұстанатын басты мақсатымыз осы болуға тиіс деп ойлаймын».

«Біздің Мәртөк ауданында астық, ет, сүт өнімін өндіруді кеңейтіп, рынокты ұлғайтуға мүмкіндік мол. Қазірдің өзінде «Айс», «Мәртөк сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шығаратын азық-түлік өнімдері арқылы мәртөктіктердің   тауарының сапасын еліміздің біраз бөлігі біледі. Ақтөбе дүкендерінде шетел өнімінен гөрі, біздің өнімге деген сұраныс жоғары. Бұл біздің ауданның болашағын да көрсетеді», - деді ол.

 




Яндекс.Метрика