Өңірлер

Алматыда қылмысты ашу көрсеткіші 4,5%-ға жақсарды – ІІД бастығы

Алматыда биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында барлық қылмыс түрі бойынша ашу көрсеткіші айтарлықтай жақсарды, соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыс түрлерін ашу деңгейі 4,5 пайызға көбейді, дейді Алматы қалалық ІІД бастығы Серік Күдебаев қала әкімі Ахметжан Есімовпен кездесу барысында.
Алматы қаласы26 Шілде , 13:05

Оның айтуынша, жалпы, қаладағы қылмыстық жағдай бақылауда, оң өзгерістер бар. Атап айтар болсақ,  ауыр және аса ауыр қылмыс түрлері 17% азайды. Кісі өлтіру деректері 32%, тонау 3 есеге, ауыр дене жарақатын келтіру 27%, ұрлық-қарлық 11,2%, зорлау 17,5% азайған. Жалпы, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында барлық қылмыс түрі бойынша ашу көрсеткіші айтарлықтай жақсарды, соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыс түрлерін ашу деңгейі 4,5 пайызға көбейді.

Алматы қаласы әкімі өз кезегінде қаланың тұрақты экономикалық өсімі шаһардағы ІІД қаржыландыру деңгейін де арттыруға мүмкіндік беретінін айтты. Биыл 105 автокөліктік құралдар алынып, ішкі істер органының техникалық жағдайы жақсартылды. 63 бейнетіркегіш құралы сатып алынды. Полиция қызметкерлерін қаржылық қамту көрсеткіші 920 млн теңгеге өсті.

Сонымен қатар Алматыда көпшілік орындарда: парктерде, гүлзарларда, үй аулаларында, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спорт нысандарында бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жалғаса түспек. Бүгінге дейін 568 үй ауласына 5653 камера қойылған.

Жиында учаскілердің жекелеген профилактикалық жұмыстарының да қылмысты азайтуға берер әсері айтылды. Бірінші жартыжылдықта олар 180 мың тұрғын үйді аралап шыққан. Нәтижесінде қалада жергілікті тіркеусіз тұрып жатқан 2 мың адам анықталған. Сонымен қатар салық органына тіркемей жалға беріліп жатқан 916 пәтер мен үй анықталған. Сонымен қатар іздеуде жүрген 240 қылмыскер табылды. 




Яндекс.Метрика