Евразиялық одақ

ЕАЭО - дамуға серпін беретін қадам – М. Бекмеев

Еуразиялық экономикалық одақ - дамуға серпін беретін қадам, деп «Трансэнерго» АҚ директоры,облыстық мәслихаттың депутаты Мәжит Бекмеев мәлімдеді.
Шығыс Қазақстан23 Шілде , 13:28

«Біз үшін 2014 жылғы 29 мамырда Астанада Еуразиялық экономикалық одақ шартына қол қойылуы қуанышты да тарихи маңызды оқиға. Бұл жаңа интеграциялық бірігу шарты ретінде көп игіліктерден үміттендіреді. Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің өзара ықпалдасуы экономикамыздың іргетасын бекіте түседі, берекеге берік негіз қалайды деп ойлаймын», - деді ол.

М. Бекмеев атап өткендей, дараланып даму жоқ. Арадағы барыс-келіс, алыс-беріс бұрынғыдан да арта түспек. Сондықтан енді қазақстандық кәсіпорындардың өнімдері өткізілетін рыноктың ауқымы бұрынғыдан да кеңейетініне ешқандай күмән жоқ. Кедендік одақтың жеңілдіктерін сезініп үлгердік, енді басқа өзара жақындасудың жарқын қадамдарына жол ашылатыны сөзсіз. Әрине, ол үшін тауарларымыз бен өнімдерімізді бәсекеге қабілетті болатындай сапасын көтеру қажет. Бұл үш елдің арасында бұрын да экономикалық байланыс болатын.

Оның пікірінше, кеден одағына қатысушы Қазақстан, Беларусь және Ресейдің экономикадағы жиынтық көлемі осыған дейін 2,2 триллион АҚШ долларын құраса, болашақта бұл арта түспесе, кемімейтінін дәлелдеудің өзі артық. Енді интеграциялық ықпалдастық мүлде жаңа арнада дамитын болады, өзара қарым-қатынасқа кедергі келтіретін жағдайлар жеңілдетіледі. Мұның өзі одаққа қатысушы елдерге өзара тауар және өнім алмасуына тиімді болады. Капитал мен жұмыс күшінің қозғалысының еркіндігі қамтамасыз етіледі.

«Әрине, мұндай игіліктердің бір күнде келе қалмайтыны да рас. Бірақ интеграциялық үрдістерімізде алға басуымызға алғышарт жасалды, экономикалық дамуымызға даңғыл жолдың бастау көздері ашылды. Ең бастысы, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдайдың жасалуы. Интеграциялық одақ еңбек ресурстарының бірігуіне де септігін тигізеді деп күтілуде. Яғни кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейте түседі. Бұл ел азаматтарының әл-ауқатын және өмір сапасын жақсарта түспек. Мұның өзі ертеңге көз тіккен әр елдегі ең басты көрсеткіш болып табылады», - деді ол.

           

 




Яндекс.Метрика