Тұрақсыз әлемдегі Gglobal Қазақстан

«G-Global» халықаралық платформасында жаңа виртуалды жобалар іске қосылды

«G-Global» халықаралық платформасында «VII Астана экономикалық форумы және II Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция» виртуалды жобасының іске қосылуына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Астана қаласы06 Қыркүйек , 06:00

Бұл шараға Парламент Сенатының депутаты, «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығының тең төрағасы Серік Нөгербеков, Қауымдастық президенті Мұрат Қарымсақов және «Жасыл» экономиканы және G-Global дамуын қолдаушы коалицияның» басқарма төрайымы Салтанат Рахымбекова қатысты.

Жоба аясында бір жыл бойы Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспарды жасау бойынша зерттеулер жүргізілетін болады. Дағдарысқа қарсы бұл шешімдерді әзірлеуге кез-келген адам атсалыса алады.

Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы жоспардың негізгі бағыттары 2013 жылдың мамыр айында Астанада (БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес 67/197) ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен өткізілген І Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференцияның қорытындысы бойынша қабылданған Астаналық декларацияда баяндалған. Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар жобасын зерттеуге басты халықаралық ұйымдар мен ғылыми-зерттеу орталықтары, азаматтық қоғамдар, іскери және ғылыми орталар, сонымен қатар БҰҰ-на мүше мемлекеттердің өкілдері, беделді саясаткерлер мен сарапшылар қатысады. Демократиялық қағидалар мен БҰҰ-на мүше мемлекеттердің қызығушылықтарына негізделген әлемдік дағдарысқа қарсы жоспардың жобасы, қаржылық-экономикалық дағдарыстан шығудың тиімді шараларын өңдеуге және ұзақмерзімді теңдестірілген экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, тиімді және жаһандық-үйлестірілген саясатты және жаңа әлемдік қаржы архитектурасын құруға бағытталатын болады.

2014 жылдың 20-23 мамыр аралығында Астанада БҰҰ-ның қолдауымен II Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция ұйымдастырылады. Конференция Бреттон-Вуд келісім-шарттарының 70-жылдығына орай өткізілетін БҰҰ-на әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар жобасын өңдеу мен қабылдауға бағытталған жылдың ең негізгі халықаралық шарасы болады. ІІ ДҚБК пікірталастары қаржы және экономика министрлері, орталық банктер төрағалары, БҰҰ-на мүше мемлекеттердің ресми өкілдері мен халықаралық сарапшылары деңгейінде өткізіледі.

Виртуалды VII Астана экономикалық форумы мен ДҚБК қорытындылары әлемдік дағдарысқа қарсы жобаның барлық бағыттарына ұсыныс пен кеңес ретінде 2014 жылдың 1 ақпанына дейін дайын болуы керек.

Әлемдік дағдарысқа қарсы жобаның негізгі бағыттары:

I. Тұрақты даму мен өсімді қамтамасыз ететін тиімді және жаһандық-үйлестірілген саясат.Контр-циклдік реттеу механизмдерінің тиімділігін арттыру. Мемлекеттік қарыз бен мемлекеттік қарызды басқару жүйелерін реформалау. Жұмыс орындарын құрушы инвестицияларды ынталандыру. Тұрақсыздық көздерін ерте табу жүйелерін құру. Мемлекеттік жеке серіктестік тиімділігін және формасын арттыру. Халықаралық сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайту, сауданың ары қарай ырықтандыру (либерализациясы). Жасыл өсім: мәселелер мен келешек. Адам капиталының дамуы. Кедейшілік және аштықпен күрес.

II. Әлемдік қаржы архитектурасы. Бреттон-Вуд институттарын реформалау. Әлемдік резервтік валюталар эмитенттеріне талапты жоғарылату. Әлемдік экономикадағы жаһандық теңгерімсіздіктер мәселелерін шешу. Әлемдегі алып-сатар капитал шамасын шектеу. «Көлеңкелі» банк секторларын қадағалау мен реттеу (хедж-қорлар, тікелей инвестиция қорлары, банктердің инвестициялық бөлімшелері, ақша нарығы қорлары, т.б.). Қаржылық қадағалауды және тиімді реттеуді нығайту. Рейтингтік агенттіктердің әмбебап қызмет стандарттарын анықтау.

«Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» Қауымдастығы www.group-global.org сайтында ғылыми-интеллектуалды, сараптамалық, кәсіби және өзге де аудитория өкілдерін VII Астана экономикалық форумының, II Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференциясының және Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы жоспар жобасының тақырыптарын талқылауға шақырады.

Виртуалды VII Астана экономикалық форумының аясында сондай-ақ, 1 шілдеден бастап «Civil G-Global Summit» Жаһандық азаматтық саммиті және «ЭКСПО - 2017: «Болашақ энергиясы» виртуалды көрмесі өз жұмыстарын бастады.

G-Global дамуын қолдаушы коалиция, «Жасыл» экономика және әлеуметтік инновациялар жөніндегі ұлттық қоғамдық институты осынау шаралардың тең ұйымдастырушылары болып табылады.

Саммиттің мақсаты - азаматтық қоғамның, саясаткерлер мен VII Астана экономикалық форумы мен II Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференцияның күнтәртібінде жария етілген басымдықтардың негізінде шешімдер қабылдайтын тұлғалардың өнімді диалогын ұйымдастыру болып табылады.

Қазіргі таңда сайтта бес тақырып бойынша онлайн-диалогтар ұйымдастырылып отыр, олар: Дамудың жаңа модельдері негізінде Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы жоспардың жобасы; Жасыл экономика және Үшінші индустриялық революция; «Жасыл көпір» Әріптестік бағдарламасын жүзеге асыру; «Экспо-2017. «Болашақ энергиясы» халықаралық көрмесі; Астананың үлгісімен орнықты урбанизация және «қалалар дипломатиясы» деген тақырыптар.




Дерекнама

Яндекс.Метрика