Халықаралық рейтингтегі Қазақстан

Қазақстан «Doing Business» рейтингі «құрылысқа рұқсат алу» индикаторында 53 тармаққа жоғары болуы тиіс еді

Бүгін Үкіметтің кезекті отырысында Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісі индикаторларындағы Қазақстанның көрсеткіштеріне қатысты мәселелер кеңінен талқыланды.
Казахстан22 Қаңтар , 00:00

Әрине, жиын барысында еліміздің  «Doing Business» рейтингісінде 49-шы орынға көтеріліп, «кәсіпорындарды тіркеу», «төлем қабілетсіздігіне рұқсат», «несие алу» сынды индикаторларда біршама алға ілгерілегендігімен қатар «құрылысқа рұқсат алу» және «халықаралық сауда» көрсеткіштерінде кейінге қалып отырғандығы да кеңінен сөз болды.

Мәселен, ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокиннің атап өтуінше, 2012 жылдың мамырында түзілген «Doing Business 2013» рейтингінде Қазақстан «құрылысқа рұқсат алу» индикаторында 155-шы орынға тұрақтаған. Бұл көрсеткіші 2008 жылы 177-ші, ал 2012 жылы 150-ші орын болатын.  Дегенмен, еліміздің 1 жылда ілгері емес 5 сатыға кейін кету жайын түсіндірген С.Нокиннің пайымынша, рейтингті айқындау барысында 2011-2012 жылдары елімізде құрылыс саласында қабылданған рұқсат беру процедураларын қысқарту шаралары ескерілмеген. Аталған кезеңде  жер телімін құрылысқа пайдалануға рұқсат қағазын ұсыну талабы,  нысанның пайдалануға берілуін қабылдау актісін бекіту процедурасы, қабылдау комиссиясы нысанды пайдалануға қабылдау барысында жұмыс комиссиясының қажеттілігі, өзінікі болған жағдайда келесі тараптан техникалық қадағалау тарту алынып тасталған болатын.

«Аталған өзгерістерді ескерер болсақ, рұқсат алу уақыты 53 күнге, ал процедура құны 800 мың теңгеге төмендер еді. Бұл орайда Қазақстанның «Doing Business-2013» рейтингіндегі ұстанымы жоғарылап, яғни 53 тармаққа жақсарып, 155-ші орыннан 102-ші орынға көтерілер еді. Бірақ та «Doing Business 2013» рейтингінде бұл өзгертулер ескерілмеді. Біздің пайымымызша,  олар «Doing Business 2014» рейтингін түзу барысында қаперге алынатын шығар», - деді агенттік басшысы.

Жалпы, С.Нокиннің сөзіне қарағанда, елімізде құрылыс саласындағы әкімшілік кедергілерді барынша төмендетуге бағытталған жұмыстар өз жалғасын табуда. Атап айтқанда, нысанды пайдалануға беру кезінде комиссиямен қабылдап алу процедурасын алып тастау ұсынысы бар. Ал оның орнына нысанды пайдалануға рұқсат беруде «жалғыз терезе» қағидаты тетігін енгізу жоспарланған. Бұл өтініш берушіні түрлі инстанцияның ондаған келісім алу үшін арлы-берлі сабылып жүруінен арылтады. Дегенмен бұл ретте айта кетерлігі, тапсырыс берушінің, мердігердің, техникалық және авторлық қадағалаудың жеке жауапкершіліктері белгіленеді.

2013 жылға арналған «Doing Business» рейтингі индикаторларын жақсарту шараларының бекітілген кешенді жоспары аясында да жұмыстар жалғасуда. Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, аталған жоспарда жобалық-сметалық құжаттарды салалық мемлекеттік органдармен міндетті келісу талабын алып тастау ұсынысы қарастырылуда. Ал құрылыс жобасының санитарлық, өртке қарсы және экологиялық талаптарға сай екендігін тексеру тек мемлекеттік сараптама органдарымен ғана жүргізілмек. «Аталған тармақ бойынша біздер барлық процедураларға сараптама жүргіздік және де ұсынысымызды Экономикалық даму және сауда министрлігіне жібердік», - деді ол.

Сонымен қатар алдағы уақытта  сәулеттік-жоспарлау тапсырмаларын беру мерзімі техникалық шартын беру мерзімімен сәйкестендіру туралы ұсыныс әзірленеді. Құрылыс нысандарын жоспарлау үшін шығыс материалдарын рәсімдеу және беру ережесіне сай сәулеттік-жоспарлау тапсырмаларын беруге арналған өтінім мен техникалық шартын қарау мерзімі 8 күннен, ал техникалық орындалуы күрделі нысандарда 15 күннен аспауы тиіс. Осыған орай Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Индустрия және жаңа технологиялар, Мұнай және газ, Көлік және коммуникация министрліктерімен бірлесіп, инженерлік қатамасыз ету көздеріне қосылуға арналған техникалық шарттарды алу процедураларын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеп отыр. Іс-шаралар жоспарына сәйкес өзгерістер ағымдағы жылдың 2 тоқсанының соңына дейін енгізіледі деп жоспарланған.

«Сондай-ақ жер теліміне құқық беру процедурасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу қажет. Жер кодексінің 43-бабына сәйкес жер телімін беруге арналған өтінімді қараудың жалпы мерзімі 2 айға дейінгі уақытты құрайды. Бірақ жерге нысан салу жобасын әзірлеудің нақты мерзімі болмауы салдарынан бұл мәселенің шешімі 6 айдан бастап одан да ұзақ мерзімге созылуы да мүмкін. Бұл мәселеге қатысты бірыңғай пікір қалыптасқан жағдайда нысан салу үшін жер теліміне құқық беру процесін 1,5 айға дейін қысқартуға болады», - деді С.Нокин.

Агенттік басшысының атап өтуіне қарағанда, Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингі және оны Үкіметтің тапсырмасына сай жақсартуға бағытталған жұмыстар құрылыс нарығының дамуына бөгет болып отырған шынайы кедергілерді анықтап, оларды жоюға зор мүмкіншілік береді.




Яндекс.Метрика