Халықаралық рейтингтегі Қазақстан

Қазақстан желілік даму және ұялы байланыс тарифі индексі жөнінен ТОП-50 елдің қатарына енді

Дүниежүзілік Экономикалық Форумның (ДЭФ) ғаламдық есебінде жарияланған мәліметтерге сәйкес Қазақстан желілік дайындық индексі бойынша 2012 жылғы есеппен салыстырғанда 12 сатыға жоғарылап, тізімдегі 144 елдің ішінен 43-ші орынға ие болды.
Казахстан12 Сәуір , 00:00

Осылайша, Венгрия (44-ші орын) мен Чехия (42-ші орын) елдерінің арасына орналасты  және  ТМД елдері  ішінде  ең жоғары көрсеткішке ие болды.

Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Ресей  аталған көрсеткіш бойынша 54 орында тұр. ДЭФ рейтингісінде Финляндия 1-ші орынға көтерілсе, Сингапур өзінің  2-ші орнын сақтап қалды, ал Швеция 3-орынға төмендеді.

Желілік дайындық индексі елдегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың  (АКТ) даму деңгейі бойынша  анықталатындығын  және бірнеше көрсеткіштен құралатындығын атап өткен жөн.  Бұл көрсеткіштердің  көпшілігінің  осы  жылы  айтарлықтай  өскені байқалады.    

Мысалы, ұялы байланыс абоненттерінің саны жөнінен Қазақстан 11 орынға көтерілді (еліміздегі 100 тұрғынға 156 мобильдік нөмірден келіп отыр, ал көшбасында тұрған Гонконгте әр 100 тұрғынға 215 телефон нөмірінен келеді). Интернет желісін пайдаланушылар саны жөнінен Қазақстан 62-ші орынға көтерілсе, ұялы байланыс қызметінің арзандығы жөнінен 42-ші орынға табан тіреді. Ал, кеңжолақты мобильді интернет абоненттерінің саны жөнінен 29-шы сатыға көтерілді.

Өткен жылы жарияланған есеп көрсеткіштерімен салыстырар болсақ, Қазақстан  жоғарыда аталған көрсеткіштер бойынша  40-ншы, 78-нші, 64-нші және 113-нші сатылардан көрінген болатын.




Яндекс.Метрика